Павлодарда инвесторлар үшін сұраныс бар салалар аталды
Қаржылық инвестициялар өңірде көбірек жұмыс орындарын құруға және экономиканы дамытуға мүмкіндік береді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз конференциясында облыстық кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық даму басқармасының басшысы Ернұр Жәутікбаев мәлім етті.
– Жобалар жеке инвесторлар мен компаниялардың қарыз қаражаты есебінен іске асырылуда, – деді Ернұр Жәутікбаев. – Инвестициялар сомасы бойынша тау-кен металлургиясы, энергетика және химия жобалары басым. Жобалар саны бойынша агроөнеркәсіптік кешен саласының үлесі зор.
Оның айтуынша, биылғы жылға арналған негізгі капиталға инвестициялар бойынша белгіленген жоспар 851 млрд теңгені құрайды.
Ақсу ауылдық аймағында 1200 сиырға арналған тауарлы сүт фермасын салу жоспарлануда. Бұл 80 жұмыс орнын құруға мүмкіндік береді. Ақсудағы тағы бір ірі жоба – 10 мың тоннаға арналған көкөніс қоймасы.
Биыл 20 миллиард теңгеден астам сомаға 38 жобаны іске асыру жоспарлануда.
Естеріңізге сала кетейік, Павлодарда инвесторлармен кездесудің жаңа форматы іске қосылды. Мұндай талқылаулар үш айда бір рет өткізілмек.
Мақсат Көлтайұлы