Ақсулық шеберлер қолмен жасалған ағаш шахматты көпшілік назарына ұсынды
Жеке кәсіпкерлік табиғи ағаштан қолмен жасалған ерекше бұйымдарын таныстырды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Өңірде ұйымдастырылған «Қазақстанның үздік тауарлары – 2026» көрме-байқауы жергілікті өндірушілердің өнімдерін көпшілікке таныстыру алаңына айналды. Қатысушылар қатарында Ақсу қаласынан келген «Хасан» жеке кәсіпкерлігі де болды.

Компания қызметкері Аманбек Авилсейттің айтуынша, кәсіпорын ағаштан жасалған қолөнер бұйымдарын дайындайды. Олардың қатарында екі апта бойы әзірленетін ағаш шахмат жиынтығы көрермендердің ерекше қызығушылығын тудырды.
– Әрбір фигура жеке ойылып, арнайы өңдеуден өтеді. Осындай жиынтықты әзірлеуге екі апта уақыт кетеді. Біз көрмеге келушілерге ағаш бұйымдарының сапасы мен қолдан жасалған еңбектің ерекшелігін көрсетуді мақсат еттік, – деді ол.

Қызметкердің айтуынша, көрмеге барлығы сегіз ағаш бұйымы ұсынылған.
– Ұсынып отырған бұйымдардың барлығы қолмен жасалады. Орташа бір қолөнерді дайындауға екі апта кетеді. Ал көлемі үлкен жұмыстарды жасауға бір айға дейін уақыт жұмсалады, – деді Аманбек Авилсейт.
Көрме жергілікті өндірушілердің әлеуетін таныстырып қана қоймай, қолөнер шеберлерінің еңбегі мен отандық өнімнің сапасын көпшілікке көрсетуге мүмкіндік берді.
Еске сала кетейік, облыста үздік тауар өндірушілерді анықтау мақсатында іріктеу кезеңі өткен болатын.