Екібастұздағы мекемеде кальян шеккендер әкімшілік жауапкершілікке тартылды
Жыл басынан бері осыған ұқсас оннан астам құқық бұзушылық тіркелді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Облыстық полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, қалада учаскелік полиция инспекторлары журналистермен бірлесіп кезекті рейдтік шара өткізді. Іс-шараның мақсаты – қоғамдық тәртіпті сақтау және құқық бұзушылықтардың алдын алу.
– «Учаске» жедел профилактикалық іс-шарасы аясында әкімшілік аумақтарды аралау жүргізіліп, қоғамдық тәртіпті бұзу фактілері анықталды. Мысалы, шамамен сағат 22:00-де қала мекемелерінің бірінде келушілер кальян шегіп отырған. Бұл әкімшілік заңнама талаптарының бұзылуы болып табылады. Сондай-ақ, мас күйінде болу және тыныштықты бұзу фактілері тіркелді. Белгіленбеген орындарда темекі өнімдерін тұтынғаны үшін құқық бұзушылар әкімшілік жауапкершілікке тартылды, – деді қалалық полиция басқармасы қоғамдық қауіпсіздік бөлімінің бастығы Медет Бейсенов.
Жыл басынан бері өңірде полиция осындай 13 құқық бұзушылықты анықтады. Барлық құқық бұзушылар әкімшілік жауапкершілікке тартылған.