Павлодар полициясы блогерлермен жаңа жобаларды талқылады
Пікір көшбасшылары мен тәртіп сақшылары қауіпсіздікке арналған бірлескен медиажобаларды іске асыруға уағдаласты, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Облыстық полиция департаментінің бастығы Василий Скляр ведомствоның ашық ақпараттық саясатты дамытуды негізгі басымдықтардың бірі ретінде қарастыратынын айтты.
– Біз әлеуметтік желілердегі жұмысты күшейтуді, профилактикалық жобаларды іске қосуды және балалар қауіпсіздігіне, жол қауіпсіздігіне, интернет-алаяқтық пен есірткі қылмыстарына қарсы күрес мәселелеріне ерекше назар аударуды жалғастырамыз, – деді Василий Скляр.
Кездесу барысында полицияның жаңа коммуникациялық стратегиясы таныстырылды. Ол ашықтық, жеделдік және қолжетімділік қағидаттарына негізделген.
Қатысушылар құқық бұзушылықтардың алдын алуда пікір көшбасшыларының рөлі маңызды екенін атап өтті. Сондай-ақ ақпаратты жедел жеткізу, кері байланыс орнату және қоғамның құқықтық сауатын арттыру мәселелері талқыланды.
– Алда жаңа жобалар мен тың идеялар бар. Басты мақсат – полицияны халыққа жақындатып, қоғаммен тұрақты диалог орнату, – деді департамент бастығы.
Кездесу аясында бірқатар блогерлер мен әлеуметтік жобалар авторлары алғыс хаттармен және бағалы сыйлықтармен марапатталды. Олардың қатарында Өт Ризабек, Арслан Алимов, Виктория Авраменко, Инна Гроз, Руслан Тукинов, Анаргүл Нұрымова және Камила Тохтарбаева бар.
Жиын қорытындысы бойынша блогерлер мен полиция өкілдері азаматтардың қырағылығын арттыруға, қауіпсіздік мәдениетін қалыптастыруға және құқық бұзушылықтардың алдын алуға бағытталған бірлескен медиажобаларды жүзеге асыруға келісті.