Екібастұзда зейнеткерлер жалған ҰҚК қызметкеріне алданып қалды
Қазіргі таңда полиция аталған алаяқтыққа қатысы бар адамдарды анықтау және ұстау бойынша іс-шаралар жүргізуде, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Облыстық полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, 26 қазанда Екібастұз қаласында 62 жастағы зейнеткердің ұялы телефонына бір қыз қоңырау шалып, өзін банк қызметкері ретінде таныстырған. Зейнеткердің атына ақшалай несие алайын деп жатқанын түсіндіріп, оны бірден «ҰҚК қызметкерімен» байланыстырды.
– Қызметкер шұғыл түрде банкке келіп, қоңырауын күтуді және бұл туралы ешкімге айтпауды өтінген. Зейнеткер банкке келгенде ҰҚК жалған қызметкері алаяқтарды анықтау үшін несие рәсімдеу керек екенін айтады. Қорыққан зейнеткер барлық шарттарға келісіп, 2 миллион 300 мың теңге сомасына ақшалай несие ресімдеп, аталған шотты терминал арқылы толықтырған, – дейді департаментте.
Мұнымен шектелмеген жалған қызметкер келесі күні жәбірленушінің телефонына қайта қоңырау шалып, әңгіме барысында басқа банктегі барлық қолма-қол ақшаны аударуды сұрайды. Бұдан әрі зейнеткер жолдасымен бірге олардың шотына 7 миллион 270 мың теңге сомасында өз жинақтарын аударған. Кейін жалған қызметкерлер зейнеткерлерді күтпеген жағдайларды болдырмау үшін белгілі бір манипуляциялар жасау керек деп сендірді.
Зейнеткердің жолдасы жеке куәлігінің көшірмесі мен ұялы телефонына түскен барлық SMS растамаларын, кодтарын жіберді. Кейін жалған қызметкер олардың несиесі таңертең өтелетінін хабарлайды. Бірақ біраз уақыттан соң зейнеткерлерге белгісіз адам қоңырау шалып, алаяқтар ұсталғанын және тергеу жүргізіліп жатқанын хабарлайды. Сонда ғана зейнеткерлер алаяқтардың құрбаны болғанын түсінген.