Бекмаханов бүгінгі зерттеушілерге өсиет қалдырған

Бұл туралы павлодарлық ғалым өз мақаласында жариялады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
«Жасын тағдыр» атты мақаласында Г.Н. Потанин атындағы Павлодар облыстық тарихи-өлкетану музейі жалпы тарих және этнографияның ғылыми-зерттеуді қамтамасыз ету бөлімінің басшысы Бибігүл Құдабаева биыл 110 жылдық мерейтойы аталып жатқан қазақ тарихшысы Ермұхан Бекмахановқа қатысты тың деректер келтірген.
- Ғалым шындықты айтқаны үшін қаншама қиындық көрсе де, өз айтқанынан еш қайтқан емес. Ол табиғатынан біткен турашыл, әділ, шыншыл мінезінің арқасында жеңіске жетіп мол мәртебиге ие болды. Бекмаханов тарих ғылымы бойынша Қазақстандағы алғашқы ғылым докторы. Бұған біреулер қуанса, кейбір әріптестері аса қызғанышпен қарап, көре алмайтындар да болды, - дейді Бибігүл Құдабаева.
Көп кешікпей-ақ тоталитарлық жүйеде қалыптасқан, «буржуазиялық ұлтшылдыққа» айыптау науқаны Ермұхан Бекмахановтың ғылымдағы жетістігіне іштарлық жасап жүрген күншілдердің оған қарсы ашық әрекетіне жол ашты. 1951 жылы университеттен қуылған ол партия мүшелігінен де шығарылып, ғылыми дәрежелері мен атақтарынан жұрдай болды. Ақыры ГУЛАГ-тан бір-ақ шықса да, ғалымның зор еңбегін бағалаған әріптестер табылды.
- Ғалымның еңбегін жоғары бағалаған, қолдаушылар да болды. Солардың бірі – белгілі тарихшы Анна Панкратова бастаған бір топ мәскеулік тарихшылар оны 1954 жылы босатып алуға қол жеткізді. 1955 жылы қыркүйектен бастап қана Қазақ университетіне жұмысқа орналасқан ол 1957 жылы екінші рет докторлық дәреже алу үшін диссертация қорғады, - дейді мақала авторы.
Бибігүл Құдабаеваның пікірінше, Ермұхан Бекмахановтың өмірі соншалық қиын-қыстау заманда адамның халқына адалдығы, шыншылдығының нағыз үлгісі. Ғалымның жүрек жарды шыншыл-ойы шынайы пікірі, іштарлық пен қызғаныш отына өртенген оның «дұпшандарының» тас жүректерін жібіте алмады. Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінде өткен тарихшылар кеңесінде ғалым өзегін өртеген өкпе-назын білдірді.
«Қаншалықты таңданарлықтай болып көрінсе де, осыған қарамастан айта кеткен жөн, біздің кейбір тарихшыларымыз ұлықтық маниясымен ауырады және олардың ішінен кім Қазақстанның жетекші тарихшысы болып табылатынын дәлелдеумен айналысуда. Осындай намысшылдық ойыны жол-дастардың ғылыми жүйкесін жұқартуда және оларды біздің ісіміз үшін қауіпті және жалған көзқарасқа жетелеуде», - дейді жиналыс үстінде Ермұхан Бекмахановтың өзі.
Ғалымның өзегін жарып шыққан осынау өткір пікірін бүгінгі тарихшыларға қалдырған өсиет ретінде де қабылдау дұрыс сияқты, - дейді Г.Н. Потанин атындағы Павлодар облыстық тарихи-өлкетану музейі жалпы тарих және этнографияның ғылыми-зерттеуді қамтамасыз ету бөлімінің басшысы Бибігүл Құдабаева.