Ақтоғайда жеті ауылдың кіреберіс жолы жаңартылуда
Мамандар жол жабынын алдағы жөндеу жұмыстарына дайындап жатыр, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Ауданда елді мекендерді аудан орталығымен өзара байланыстыратын автомобиль жолдарын жаңарту жұмыстары жалғасуда. Жөндеу жұмыстарын «ПКФ ГордорСтрой» ЖШС жүргізуде. Жобаның жалпы құны 794,8 миллион теңгені құрады. Ақтоғай ауданының нақты сектор экономикасы бөлімінің мәліметінше, аталған жол учаскесіндегі жөндеу жұмыстары толық аяқталған.
Осы автомобиль жолында тағы бір жоба жүзеге асырылуда. Қазіргі уақытта мердігерлер жолдың 15-20 шақырым аралығындағы учаскесін орташа жөндеуге кірісті. Жұмыстардың құны 357,6 миллион теңгені құрайды.
Мамандар бүгінде су өткізгіш құбыр орнатып, жол жабынын алдағы жөндеу жұмыстарына дайындап жатыр. Бұл жобаның мердігері де – «ПКФ ГордорСтрой» ЖШС. Жоба екі жылға жоспарланған және 2026-2027 жылдары жүзеге асырылады.
Сонымен қатар, ауданда жеті ауылға – Әбжан, Жамбыл, Қайран, Қараой, Жоламан, Жаңабет және Жаңатап елді мекендеріне апаратын кіреберіс жолдарды жөндеу жұмыстары аяқталуға жақын. Жұмыстарды тамыз айының соңына дейін аяқтау жоспарланған. Жөндеу жұмыстарымен «UniversalKlas» ЖШС мен «Davo» ЖШС айналысуда.
Ақтоғай ауданы нақты сектор экономикасы бөлімінің басшысы міндетін атқарушы Самат Секеновтің айтуынша, Абжан, Қайран, Жоламан, Жаңабет және Жаңатап ауылдарына апаратын жолдарға асфальт төселіп қойған. Қазіргі уақытта мердігерлер жол жиектерін нығайту жұмыстарын жүргізуде.
Ал Жамбыл мен Қараой ауылдары бағытындағы жолдарда қиыршық тас негізі дайындалған. Келесі кезеңде бұл учаскелерге асфальт төсеу жұмыстары басталады.
Ауылдарға апаратын кіреберіс жолдарды жөндеу жобаларының құны әр учаскенің ұзақтығына байланысты 25 миллионнан 95 миллион теңгеге дейін өзгереді.
Айта кетелік, жуырда Басқамыс – Қарақоға – Шұға – Жолболды бағытындағы автомобиль жолының 15 шақырымдық учаскесіндегі орташа жөндеу жұмыстары аяқталып, қолданысқа берілді.