Павлодарда жарты ғасыр жөнделмеген балабақша жаңартылды

Павлодарда жарты ғасыр жөнделмеген балабақша жаңартылды
Фото: автор

Шаһардағы үш мектепке дейінгі мекемеге толыққанды күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі. 

Аймақ басшысы Асайын Байханов облыс орталығындағы мектепке дейінгі ұйымдарға жүргізілген жөндеу жұмыстарын тексеріп, аралап шықты. Қалалық білім беру бөлімінің басшысы Қуаныш Қыдыралиннің сөзінше, №5 сәбилер бақшасы,  №42 мектепке дейінгі гимназиясы және «Көру қабілеті бұзылған» балаларға арналған мамандандырылған үлгідегі № 82 сәбилер бақшасына бір жарым миллиардқа жуық қаражатқа күрделі жөндеу жұмыстары жасалды. 

–  Барлық балабақшалар толыққанды күрделі жөндеуден өтті. Сырты мен ішкі  абаттандыру, атап айтқанда,  қасбетті жөндеу, терезелерді, шатырды ауыстыру, жылу жүйесін, бассейндерді жөндеу сияқты жұмыстар атқарылды. Одан бөлек, барлық қажетті құрал-жабдықтар мен жиһаздар жаңартылып, сатып алынды, – деді Қуаныш Қыдыралин. 

Аталмыш балабақшаларда 700-ге жуық бүлдіршін тәрбиеленуде. Соның ішінде 144 бала «Көру қабілеті бұзылған» балаларға арналған мамандандырылған үлгідегі № 82 сәбилер бақшасына қатынайды. 

– Мекемемізде ағаш едендер болған еді. Жертөле болмағандықтан, дәліздегі еденнің астында құбырлар орналасқан. Қандай да бір апаттар болған жағдайда, еденді ашуға тура келетін. Ал, бұл бізге де, балаларға да, ата-аналарға қолайсыздық тудыратын. Қазір бәрі тегістеліп, құбырлар сыртқа шығарылды. Сонымен қатар, топтарға жылы еден төселді, – дейді балабақша басшысы Татьяна Шульга.

Павлодар облысының әкімі Асайын Байханов алдағы уақытта да мұңдай жұмыстар жалғасын табатынын атап өтіп, арнайы балабақшаларды құрал-жабдықтармен қамтамасыз ету керектігін айтты.

– Балабақшалардың инфрақұрылымы, олардың жағдайын түзету – біздің міндетіміз, – деді аймақ басшысы. – Бұған дейін ата-аналар қауымынан бақша суық, балаларымыз сол себепті ауыра береді, жаурап қалады деген шағымдар келіп түсетін. Сол себепті жылыту жүйесін, еден ауыстыру сияқты жұмыстар басты назарда болды. 

Айта кету керек, мұндай инновациялық жұмыстар Павлодар қаласында алғаш рет ұйымдастырылып отыр. Қазіргі уақытта күрделі жөндеу жұмыстары үшін №16 және 50 бақша бойынша жобалық-сметалық құжаттама әзірленіп, мемлекеттік сараптамадан өтуде. Басқа да балабақшалар кезең - кезеңімен жөнделетін болады.