«Абысын тату болса...»: Екібастұзда келіндер жарысты

«Абысын тату болса...»: Екібастұзда келіндер жарысты
Фото: Екібастұз қаласы мәдениет және тілдерді дамыту бөлімі

Байқау төрт  бөлімнен тұрды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

«Өнер» қалалық мәдениет сарайында 8 наурыз – Халықаралық әйелдер күніне орай  өткен қалалық іс-шараны мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің қолдауымен «Атамұра» мәдениет орталығы ұйымдастырды.  

Мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Медғат Жанайдарұлы асыл әжелер мен ардақты аналарды, аяулы аруларды 8 наурыз – Халықаралық әйелдер мерекесімен арнайы құттықтап, қатысушыларды дипломдармен және Алғыс хаттармен марапаттады.

  Әр қатысушыға ұлт өнерін ұлықтап, отбасындағы құндылықтарды дәріптеп, сайысқа қатысқандары үшін алғыс. «Абысын тату болса...» атты қалалық және ауылдық округтер арасындағы абысындар байқауының мақсаты – абысындар арасындағы татулықты нығайтып, бір әулеттегі абысындар тәлімінің нығая түсуіне атсалысу, қазақ өнеріне баулу, – дейді Медғат Жанайдарұлы.

Сайысқа Екібастұз қаласынан Қыдырбаевтар, Ақкөлден Қайыржановтар, Бәйеттен Садьбахас, Құдайкөлден Саний, Бозшакөлден Әбілсейіт, Қояндыдан Ыбыраевтар әулетінің келіндері қатысты. Қатысушылар алдын ала берілген ережеге сәйкес  «Сәлем сөздің атасы» бөлімінде өздерін таныстырып,  «Ата дәстүрі – ұрпаққа аманат» бөлімінде сахналық көрініс көрсетті. «Бесік жыры» бөлімінде өз өнерлерін ұсынып, «Салтымды сақтаймын» бөлімінде тарихта қалған әр жастағы әйел адамдардың ұлттық киім үлгілерін көрсетті.

Қазылар алқасының шешімімен бірінші орынды Бәйет ауылынан Садьбахас, екінші орынды Бозшакөлден Әбілсейіт, жүлделі үшінші орынды Ақкөл ауылынан Қайыржановтар әулетінің абысындары иеленді.