Павлодар облысында жарты тоннаға жуық есірткі құралдары тәркіленді

Павлодар облысында жарты тоннаға жуық есірткі құралдары тәркіленді
Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосуреті

Жедел қызметкерлердің күшімен өңір аумағына есірткі жеткізудің 12 арнасының жолы кесілді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Нашақорлық және есірткі құралдарының заңсыз айналымы – бүкіл әлемдік қауымдастықтың ең өзекті проблемаларының бірі. Бұл құбылыс оны шешу және алдын алу мақсатында мемлекет тарапынан жүйелі әрі белсенді шаралар қабылдауды талап етеді.

– Облыстағы есірткінің заңсыз айналымы саласындағы ағымдағы ахуал мен оның дамуына әсер ететін факторларды талдау Павлодар облысында соңғы жылдары наркологиялық жағдайды тұрақтандыруға қол жеткізілгенін көрсетеді. 2025 жылдың басынан бері өңірде есірткіге байланысты 241 қылмыс пен құқықбұзушылық тіркелді, оның ішінде 133-і есірткі қылмыстары. Атап айтқанда, 116 дерек – есірткі заттарын сату, жеті дерек – аса ірі мөлшерде сақтау фактілері, – деді облыстық ПД бастығының бірінші орынбасары Болат Нұрсейітов.

Қабылданған шаралардың нәтижесінде заңсыз айналымға шамамен 455 кг есірткі құралдарының түсуіне жол берілмеді. Сонымен қатар, есірткі құралдары мен психотроптық заттарды таратуға пайдаланылатын интернет-ресурстарды анықтау және бұғаттау бойынша кешенді іс-шаралар жүргізілді. «Киберқадағалау» ақпараттық жүйесінде есірткі жарнамасы бар материалдар бұғатталды, «Антифрод» жүйесіне 1023 банк картасын бұғаттау үшін енгізілді. «Telegram» мессенджерінде алу жүргізу туралы 126 санкцияланған қаулы жолданып, «Криптон» жүйесіне криптоәмияндар бойынша 50 сұрау салынды.

2025 жылы есірткі қылмыстарын жасағаны үшін 72 азамат ұсталды, олардың 66-на қатысты бұлтартпау шарасы ретінде қамауға алу таңдалды. Сонымен қатар, төрт кәмелетке толмаған қылмыстық жауапкершілікке тартылды. Жедел қызметкерлердің күшімен өңір аумағына есірткі жеткізудің 12 арнасының жолы кесіліп, үш интернет-есірткі дүкенінің қызметі тоқтатылды. 

Жалпы, есірткі қылмысына қарсы күрес жұмысы жалғасуда: жаңа технологиялар енгізілуде, алдын алу шараларына волонтерлер тартылып, олар есірткінің қауіптілігі туралы түсіндіру жұмыстарын жүргізуде. Халық арасында есірткінің салдары, оны заңсыз айналымға тартудың жауапкершілігі және оның адам денсаулығына тигізетін зияны туралы хабардарлық деңгейін арттыруға бағытталған превентивтік іс-шараларды іске асыру жалғастырылуда.