Айыппұл төлеуде салғырттық танытқан павлодарлық көлігінен айырылды

Айыппұл төлеуде салғырттық танытқан павлодарлық көлігінен айырылды
ЖИ иллюстрациясы

Оның берешегі 100 мың теңгені құраған, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Павлодар облысында «Борышкер» республикалық жедел-профилактикалық іс-шарасы басталды. Оның басты мақсаты — әкімшілік айыппұлдарды төлемегендерді жауапкершілікке тарту және жазаның бұлтартпау қағидатын қамтамасыз ету.

Рейдтің алғашқы күнінде-ақ қарызы бар жүргізушілерден 3 миллион теңгеден астам қаражат өндірілді. Сонымен қатар, заң бұзғандардың 7 көлігі арнайы айып тұрағына қойылды.

– Мәселен, облыс орталығында «ВАЗ-2112» маркалы автокөлік арнайы тұраққа жеткізілді. Оның иесі 110 мың теңгеден астам айыппұлды уақытында төлемеген. Көлігінен айырылғаннан кейін ғана жүргізуші жағдайдың маңызын түсінді, – дейді облыстық полиция департаментінің әкімшілік полициясының бастығы Бәкібай Ахмедьянов.

Ал көлігінен айырылған павлодарлық өз әрекетін уақытының болмауымен байланыстырды.

– Айыппұлдар  туралы білдім, бірақ үнемі төлеуге уақыт таппадым. Соның салдарынан көлігімнен уақытша айырылып қалдым. Осы ащы тәжірибе көрсеткендей, айыппұлды уақытында төлеу керек екен, – деді көлік иесі.

Тәртіп сақшылары жүргізушілерді жол қозғалысы ережелерін қатаң сақтауға және мүліктің тәркіленуіне жол бермеу үшін әкімшілік айыппұлдарды уақытылы төлеуге шақырады.

Айта кетелік, борышкерлерді анықтауға бағытталған рейдтік шаралар 21 мамырға дейін жалғасады.