Павлодарда кәсіпкерлер мектеп асханаларын ұйымдастыруға қолдау сұрады

Бұл мәселе өңірлік кәсіпкерлер палатасының әлеуметтік сала бойынша салалық кеңесінің отырысында көтерілді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Кеңесті «Атамекен» ӨКП директоры Ерқанат Әбенов жүргізді. Отырыста мемлекеттік мектептерде оқушыларды тамақтандыру және күнделікті ас мәзірін қайта қарау мәселелері талқыланды.
Астанадан арнайы келген «Бөлшек сауда және қоғамдық тамақтану қауымдастығы» республикалық қоғамдық бірлестігінің вице-президенті Марина Лаптева білім басқармасы 2025 жылға арналған ас мәзірінің құнын бір балаға күніне 506 теңгеге дейін ұлғайтқанын жеткізді. Оның айтуынша, бұл жаңалық барлық білім беру ұйымдарына хабарланған. Алайда, кәсіпкерлер білім басқармасынан көрсетілген қызметтер үшін толық есеп айырысуға қолдау көрсетуді сұрап отыр.
Сонымен қатар, кездесуде күнделікті рационға жаңа тағам түрлерін, соның ішінде салаттарды енгізу мәселесі көтерілді. Тараптар салаттарды түскі ас мәзіріне қосу және осы қызметке білім басқармасының толық ақы төлеуі туралы ортақ келісімге келді.
– Бұл балалардың тамақтануын жақсартуға және бизнестің құқықтарын қорғауға мүмкіндік береді. Кеңес барысында біз екі бірдей мәселені оң шештік, бұл диалогқа дайындық пен өзара түсіністіктің белгісі, – деді Ерқанат Әбенов.
Палата директоры «Атамекен» кәсіпкерлердің мүддесін қорғай отырып, балалардың құқықтары да назарда болатынын атап өтті.