Павлодар және Ақсудың өнерлі оқушылары Наурыз нақыштарын салды
Сондай-ақ, көрмеге келген қонақтар мен көркемсурет мектебінің тәрбиеленушілері үшін шеберлік сабақтар өтті, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Мәдениет және ұлттық салт-дәстүр күні Павлодар қаласындағы Балалар көркемсурет мектебі мен Ақсу қаласындағы өнер мектебі оқушыларының Наурыз мерекесіне арналған «Наурыздың бояулары» сәндік-қолданбалы өнер бойынша көрмесі өтті.
Көрмеге жас суретшілердің халқымыздың дәстүрлерін бейнелейтін пейзаждар, композициялар, қазақтың ұлттық нақышында салынған картиналары қойылады.
Жұмыстар әртүрлі дәстүрлі және дәстүрлі емес әдістермен, акрилды кескіндеме, киіз басу, ыстық батик, киіз, құрғақ және дымқыл киіз басу техникасында орындалған.
– Бүгін көрмеге екі мектептен 80-нен астам жұмыс ұсынып отырмыз. Бұл дегеніміз – жас суретшілерімізді мәдениетке, өнерге және ұлттық құндылықтарға деген қызығушылықтарын арттыру. Ұлттық әдет-ғұрыптар мен салт-дәстүрлерді насихаттау, – дейді балалар көркем сурет мектебі басшысының орынбасары Гүлнәр Мұухаметкалина.
Наурыз мерекесіне арналған көрме айдың соңына дейін жалғасады.