«IT-Бала»: Павлодарда балаларға робот жасауды тегін үйретеді

«IT-Бала»: Павлодарда балаларға робот жасауды тегін үйретеді
Фото: автор

Сүлеймен Баязитов атындағы балалар оқу орталығында робототехникалық үйірме ашылды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі. 

7-13 жасар балалар әр аптаның сенбі-жексенбі күндері балалар оқу орталығында «IT-Бала» үйірмесіне жазылып, демалыс күндерін пайдалы өткізе алады.

– Робототехникаға ерекше көңіл бөлгеніміздің себебі –  жас ұрпақты заманауи технологияны игеруге баулу, үйрету. Біріншіден, бүлдіршіндерге робототехниканың қыр-сырын үйреткіміз келеді, екіншіден, осы үйірмеге шақыру арқылы кітапханада оқырмандардың санын көбейткіміз келеді. Себебі, балаларды кітап оқумен ғана қызықтыра алмаймыз. Әмбебап орталық болғаннан кейін жастар үшін жан-жақты, пайдалы қызметтер ұсынғымыз келеді, – дейді  Сүлеймен Баязитов атындағы балалар оқу орталығының басшысы Алпысбай Әбділманұлы.         

Оқыту бағдарламасы теориялық және тәжірибелік сабақтардан тұрады. Мұнда білім алушыларды құрал-жабдықтарды құрастыруға баулиды. Осы арқылы олардың техникалық қабілеттерін, ой-өрістерін, логикалық ойлауын дамыту көзделген.

– Қазіргі уақытта қаламызда роботехника саласы өте кең дамыған. Балалардың роботехника саласына деген қызығушылықтары өте зор. Тек қана робот құрастырмайды, күн сәулесін қоятын батареялармен де жұмыс істейді. Роботехника жақсы дамыса, қалалық, облыстық жарыстарға қатыса аламыз. Баланың математикалық, цифрлық ой-өрісін дамытады, – дейді оқу орталығының оқытушысы Ақгүл Асқарқызы.                                        

Бұдан бөлек, алты үйірме мен  тағылымдық жобалар жүзеге асырылады. Олар: «Шебер қолдар», «Қызыл алма», «Сөйлейтін саусақтар», «Кел, қазақша үйренейік»  және  тағы басқа үйірмелер тегін жұмыс істейді. Олардың әрқайсысы заман талабына сай құрал-жабдықтармен жабдықталған.  

Балаларға ұлттық тәрбие беру мақсатында кітаптарда заманауи үлгіге сай аудио, видео ақпараттар орналастырылған. Оның мазмұнын мәселен, домбыра, қобыз күйлерін, ауыз әдебиетін оқып қана қоймай, заманауи құрал-жабдықтар – электронды қалам арқылы тыңдауға болады. 

Еске сала кетейік, дарынды ұрпақтың шығармашылық қабілеттерін толықтай ашып әрі қарай биікке қанат қағуына жол ашатын «Томаға тартар» жобасы іске қосылған.

Наргиз Күбеш