Ақсуда мейрамхана, наубайхана мен дүкен ашқан әйел кәсібін кеңейтуде
Кәсіпкер өндірістік қуаттылығын арттырумен қатар сатып алушыларға тәтті және сапалы өнім ұсынуға тырысады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
Жаңыл Музукаева Қамзин ауласындағы тұрғындарды нан, тәтті тоқаш, азық-түлікпен қамтамасыз етіп отыр. Ол 2007 жылдан бері қоғамдық тамақтану саласында жұмыс істеп келеді. Ал 2022 өзінің жеке бизнесін ашу үшін 2021-2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі Ұлттық жоба шеңберінде «ForteBank» АҚ арқылы 15 миллион теңге көлемінде қаржыландыруға ие болды. «Даму» қорының қолдауы арқасында кәсіпкердің пайыздық мөлшерлемесі алты пайызды құрайды. Кәсіпкер қаражатқа наубайхана ашты. Ескі ғимараттың ішінде жөндеу жасалып, кондитерлік өнімдерді дайындауға қажетті жабдықтар сатып алынды.
– Әзірге өнімді орналасқан мекенжай бойынша сатып тұрамыз. Қаланың басқа да аудандарынан келіп, нанымызды сүйіп жейтін адамдар да бар, – деді Жаңыл Музукаева.
Бір ғимараттың ішінде азық-түлік сататын дүкен мен наубайхана орналасқан. Аспазшылар пісіретін нан мен тоқаш сол азық-түлік дүкенінде сатылады. Бұдан бөлек кәсіпкер бұған дейін тойлар өткізу үшін мейрамхана ашқан болатын.
– Болашақта қызым осы жерді кеңейтіп, торт, тәтті пісірмелерді дайындайтын жерді ашқысы келеді. Ол үшін тоңазытқыш керек,– деді кәсіпкер.
Сондай-ақ, Жаңыл нанды қала бойынша жеткізуді мақсат етеді.