Павлодар облысында жазасын өтеушілерге аналардың ақ тілегі үміт сыйлады

Павлодар облысында жазасын өтеушілерге аналардың ақ тілегі үміт сыйлады
Фото: видеодан

Кездесуде орындалған «Анашым» әні әр жүрекке жылылық сыйлады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Павлодар облысы бойынша қылмыстық-атқару жүйесі департаментінің №45 және №46 мекемелерінде сотталғандарға арналған тәрбиелік кездесу өтті. Шараның мақсаты – отбасы құндылықтарын нығайту, жақындардың қолдауының маңызын түсіндіру және заңға бағынатын өмірге ұмтылысты қалыптастыру.

Кездесуге Павлодар облысы полиция департаментінің есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкері, полиция подполковнигі Ирина Темірғалиева мен Павлодар облыстық Аналар кеңесінің төрайымы Бақытжамал Максилова қатысты.

Жиын барысында ата-ананы құрметтеу, ананың мейірімі мен отбасы қолдауының адам өміріндегі орны сөз болды. Қатысушылардың айтуынша, туған-туыстың сенімі мен қолдауы адамға жасаған қателігін қайта саралап, өмірін өзгертуге күш береді.

Павлодар облыстық Аналар кеңесінің төрайымы Бақытжамал Максилова кездесудің ерекше әсер қалдырғанын айтты.

Бүгін облыстық Аналар кеңесі мен департамент өкілдері осы мекемеге арнайы келіп, сотталғандармен кездестік. Интернатта тәрбиеленген балаларды да, жасы үлкен азаматтарды да көрдік. Адаспайтын адам жоқ. Бұл олардың өміріндегі бір сынақ деп қабылдаймыз. Біз олардың осы сынақтан өтіп, жақсы өмірге бет бұратынына сенім білдірдік. Себебі сенім – ең басты құндылық, – деді төрайым.

Іс-шараның ең әсерлі сәттерінің бірі сотталғандардың бірінің орындауындағы «Анашым» әні болды. Әннің әсерлі сөздері қатысушыларға туған үйді, ананың қамқорлығы мен шексіз махаббатын еске салды.

Қылмыстық-атқару жүйесі департаментінің мәліметінше, мұндай кездесулер тәрбиелік жұмыстың маңызды бөлігі саналады. Олар отбасылық байланысты сақтауға, адамгершілік құндылықтарды нығайтуға және сотталғандардың қоғамға қайта бейімделуіне ықпал етеді. Департаментте шынайы диалог пен жанашырлық адамның жаңа өмір бастауына маңызды қадам болатынын атап өтті.