Тұмылдырықсыз серуендеп жүрген үлкен ит павлодарлықтарды қорқытты

Үй жануарларын ұстау және серуендету ережелерін бұзғаны үшін 70-ке жуық ит иесі жауапқа тартылды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Облыстық полиция департаменті үй жануарларын ұстайтын тұрғындардың көпшілігі оларды ұстаудың заңнамалық компонентін біле бермейтінін атап өтті.
– Мәселен, қала тұрғыны тәртіп сақшыларына үлкен итті тұмылдырықсыз серуендететін, сол арқылы өтіп бара жатқан адамдарды қорқытатын адамға қатысты шаралар қабылдауды сұрады. Ит иесі «менің итім жуас, мейірімді және ешкімге зиян тигізбейді» деп ақталады. Бірақ заңмен белгіленген ережелер бар және оларды сақтау керек, – деді департаментте.
Сондай-ақ, қалалық саябақтардың бірінде ережелерге қайшы үй жануарларын серуендететін азаматтар бар екені мәлім етілді.
Бұл ретте, полиция қызметкерлері иттердің иелерін жауапкершілікке тартты және олармен түсіндірме әңгімелер жүргізді.
– Ит иелері төрт аяқты досының бейтаныс адамдарға онша мейірімді болмайтынын ұмытпау керек. Сондықтан өтіп бара жатқан адамдармен және көршілермен жанжалды жағдайларды болдырмау үшін үй жануарларының иелері жануарларды ұстау мен серуендеудің қарапайым ережелерін сақтауы керек, – деп еске салды тәртіп сақшылары.
Естеріңізге сала кетейік, үй жануарларын серуендетіп жүргенде оларды ұстауға арналған орындарды есептемегенде, қысқа ұстағышта болуы керек.
Айта кетейік, ағымдағы жылдың басынан бастап полиция қызметкерлері үй жануарларын ұстау және серуендету ережелерін бұзғаны үшін 10 АЕК мөлшерінде айыппұл салумен 70-ке жуық ит иесін жауапқа тартты.