Павлодар әскери бөліміне Қарағанды және ШҚО-дан сарбаздардың алғашқы легі келді

Павлодар  әскери бөліміне Қарағанды және ШҚО-дан  сарбаздардың алғашқы легі келді
Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосуреті

Жас толымды әскери бөлім басшылығы, оқу пунктінің әкімшілігі салтанатты түрде күтіп алды, деп хабарлайды  @Pavlodarnews.kz тілшісі.

«Шығыс»  өңірлік  қолбасшылығы  баспасөз қызметінің мәліметінше, 6679 әскери бөліміне келген  жас толымның  алғашқы  легі Қарағанды және Шығыс Қазақстан облыстарынан шақыртылған. Әскер қатарына жаңадан келген сарбаздарды жауынгерлік өмірге бейімдеу қажет. Ол үшін әскери психолог мамандар әскерге келген әр сарбазбен жеке әңгімелесулер жүргізіп жан-жақты зерделеп, әрі қарай әскери өмірдің  қыр-сырын  үйрету мақсатында взвод командирлеріне табыстайды.

Еліміздің бес облысынан әскери бөлімге келетін  2-2024 жылғы  шақырылым сарбаздарының саны екі жүзге жуық  болады. Әскери бөлім басшылығы жас толымға әскери бөлім алдында қойылған  міндеттері жеткізіліп,  бөлім  тарихы мазмұнды түрде баян етілді, – дейді  6679 әскери  бөлім  командирінің тәрбие және әлеуметтік-құқықтық жұмыстар жөніндегі орынбасары, майор Назбек Мәліков.  

Сарбаздарды зерделеу кезінде басты назар білім деңгейіне, мамандығының бар болуына, іскерлік және сипаттамалық қасиеттеріне аударылады. Жоспарға сәйкес, жаңадан келген сарбаздар бір ай бойы жас жауынгер курсынан өтеді. Жас толым үшін Отан алдындағы борышты өтеу – алға қойған алғышарттардың бірі. 

Мен әскерге өз еркіммен келдім. Отан алдындағы борыш өтеу барысында ең маңызды қасиеттер – төзімділік,  тәрбие және де адалдық, – дейді қатардағы жауынгер Анатолий Никулин.

Әскери борыштарын өтеуге келген сарбаздар алдағы бір жыл қызметтері барысында нағыз шыңдалған ер азамат болып шығатындарына сенімді. Ол үшін  алдағы бір жыл ішінде  тынбай тер төгіп, толықтай әскери өмірді бастан өткеру тиіс. Айта кетейік, жас сарбаздардың салтанатты түрде әскери ант қабылдау рәсімі қаңтар айына  жоспарланған.