Екібастұзда жылу магистралінің құрылысы қалай жүруде?
Кеншілер шаһарында 15, 16 қыркүйекте жылыту маусымын бастау жоспарлануда, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
Облыс әкімдігінде өткен аппараттық жиында Екібастұз қаласының әкімі Аян Бейсекин бірінші және үшінші жылу магистральдарының құрылысы туралы баяндады.
– Бірінші магистраль бойынша әлі 200 метр құбырды салу қалды. Жұмыстар бесінші қыркүйекте аяқталады. Төрт синхронды компенсатор Санкт-Петербург қаласынан 7-8 қыркүйекте әкелінуі тиіс, – дейді Аян Бейсекин.
Оның айтуынша, бір-екі тәулік ішінде жұмыстар жүргізіліп, қалпына келтіріледі. Ал үшінші магистраль бойынша 600 метрдей құбырды салу жұмыстары көзделген.
– Тәулігінде 200 метр құбырдан өтіп жатырмыз. Жұмыстар үш күн ішінде тәмамдалады. 10-15 қыркүйекте жуып-шаю, гидравликалық сынақ жұмыстарын жүргізу көзделіп отыр, – дейді спикер.
Облыс әкімі Асайын Байханов бұл ретте үйлерді басқа құбырларға қосуды ұсынды.
– Әрине, кейбір үйлер уақытша ыстық сусыз болады. Дегенмен де максималды түрде қосуға тырысамыз, – деді аймақ басшысы.
Еске сала кетейік, 2023 жылы төрт жылу магистралі – 5,3 шақырым реконструкцияланды. Бұған қоса, Үкімет резервінен ұзындығы 3,5 км болатын жаңа №7/1 жылу магистралін салуға қаражат бөлінді.