Павлодар облысының қалаларында аутизмге шалдыққан балаларға орталықтар ашу жоспарлануда

Қазір мұндай орталық облыс орталығында ғана жұмыс істейді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Облыстың әлеуметтік қорғау саласында 12 медициналық-әлеуметтік мекеме, оның ішінде алты стационарлық орталық, үш жартылай стационарлық орталық және үш уақытша тұру орталығы жұмыс істейді.
Жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Альмира Дисюпованың айтуынша, мүмкіндігі шектеулі балалар көбейіп жатқанымен, оларға арналған орталықтар жеткіліксіз.
– Бүгінгі таңда балалар арасында мүмкіндігі шектеулі екендігі, мүгедектікті тағайындау жөніндегі мәселе өте күрделі болып келеді, соңғы үш жылдың ішінде біршама көтеріліп жатыр. Бұл мәселе ерекше бақылауда. Бірақ көбінесе мүгедектікке шалдыққан балалардың аурулары – психоневрологиялық патологияға жататын аурулар. Сондықтан бүгінде бізде осындай арнаулы мекемелер өкінішке орай азырақтау болып жатыр, – деді басшы.
Былтырдан бері аутизмге шалдыққан балаларға арнайы орталық тек Павлодар қаласында жұмыс істеуде. Альмира Дисюпованың сөзінше, болашақта, яғни келесі жылы осындай орталықтар Екібастұз бен Ақсу қалаларында да пайда болмақ.
– Мұндай мекемелер өте қажет. Өйткені әрбір ата-ананың жеке меншікте орталықтарға бару мүмкіндіктері бола бермейді. Сондықтан осы жобаларды іске асыру үшін бизнесті тартуымыз керек. Біз бұл мәселені көтеріп жатқандықтан, бизнес өкілдері әлеуметтік серіктестік жөніндегі осындай мекемелерді ашуы олар үшін оң әсер етеді деп ойлаймыз, – деп қосты спикер.
Қазіргі таңда қала мен аудандардағы бөлімше ретінде ашылған үйге көмек көрсету жөніндегі мекемелерді толықтай мемлекеттік мекемеге айналдыру бойынша жұмыстар жүргізілуде. Ақсу қаласындағы мұндай мекеме тіркеуден өтті. Қалған тоғыз ауданда бұл бағыттағы жұмыстар жылдың аяғына дейін аяқталады деп жоспарлануда. Ал бюджет қарастырылғаннан кейін шамамен келесі жылы, қалаларда аутизмге шалдыққан балаларға арналған орталықтар ашылатын болады.