«Ертіс» хоккейшілері балаларға мерекелік көңіл күй сыйлады

«Ертіс» хоккейшілері балаларға мерекелік көңіл күй сыйлады

Жаңа жыл қарсаңында команда ойыншылары қайырымдылық бастамаға атсалысып, «Мишкопад» қайырымдылық акциясы аясында жиналған ойыншықтарды отбасылық үлгідегі балалар ауылына жеткізді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Хоккейшілер балаларға 70 дана тәтті сыйлық, шырындар және команданың ойындарына шақыру билеттерін табыстады. Сонымен қатар, спортшылар балалармен еркін әңгімелесіп, бірге ойын ойнап, өздерінің спорттағы жолы мен жетістіктері туралы айтып берді.

Кездесу балаларға ерекше әсер сыйлап, олардың жүзінен шынайы қуаныш пен бақытты көруге мүмкіндік берді. Ұйымдастырушылар мұндай шаралар балаларға шабыт беріп, армандарына сенуге күш сыйлайтынын атап өтті.

Айта кетейік, акция барысында жиналған ойыншықтар өте көп болғандықтан, қаладағы бірқатар балабақша тәрбиеленушілеріне де мерекелік сыйлықтар табысталды.

«Ертіс» хоккей клубы бұл игі бастаманы қолдаған барша жанға алғысын білдіріп, барша қазақстандықтарды Жаңа жыл мерекесімен құттықтады. Команда әрбір баланың осы мерекелік күндері жылу мен қамқорлықты сезінуі маңызды екенін атап өтті.