Павлодарлықтар сайлау учаскелеріне таңертеңнен келе бастады

Павлодарлықтар сайлау учаскелеріне таңертеңнен келе бастады
Фото: Ақмарал Есімханова

Таңғы сағат жетіден бастап Павлодар облысында 521 сайлау учаскесі ашылды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Ірі учаскелердің бірі Усолка шағын ауданында орналасқан. Дауыс беру басталмай тұрып-ақ учаске маңына өз таңдауын алғашқылардың бірі болып жасағысы келген тұрғындар жиналды.

Учаске ашылған сәттен бастап келгендерге дәстүр бойынша шағын сыйлықтар – блокноттар дайындалды.

Назира Жанғабылова Усолка шағын ауданында тұрады. Ол азаматтық борышын орындау үшін сайлау учаскесіне таңертең ерте келуге тырысады.

– Бүгін демалыс күнім, соған қарамастан дәстүр бойынша ертерек келдім. Мен үшін бұл – азаматтық борыш пен жауапкершілік. Біздің таңдауымыз қаланың өркендеуіне үлес қосса екен деймін. Шетте қалғым келмейді. Біздің отбасымызда осындай дәстүр қалыптасқан, сондықтан дауыс беруге үнемі келемін, – деді павлодарлық.

№ 132 учаскелік сайлау комиссиясының төрағасы Бағамбай Доскиннің айтуынша, учаскеде 2076 сайлаушы тіркелген. Олардың ішінде 18 жасқа толған 32 жас бар. Оның 26-сы бұған дейін Референдум мен Құрылтай сайлауында дауыс беруге қатысқан, ал алты адам сайлау құқығын алғаш рет пайдаланады.

– Біздің учаскеде ерекше қажеттіліктері бар адамдарға арналған бұрыш жабдықталған. Мұнда экран диагоналі кемінде 54 миллиметр болатын компьютер орнатылып, орталықтандырылған ақпарат қамтылған қажетті бейне және аудиофайлдар жүктелген. Сондай-ақ сурдоаударма қарастырылған. Мәслихат депутаттарын сайлауға орай дауыс беру кабиналары жаңартылды. Енді олар, соның ішінде бойы ұзын адамдар үшін де, ыңғайлы бола түсті, – деді Бағамбай Доскин.

Учаскелік комиссияның мәліметінше, мұнда жасы 80-нен асқан 32 сайлаушы тіркелген. Шақыру қағаздарын тарату кезінде олардың басым бөлігі учаскеге өздігінен келіп, дауыс беруге ниетті екенін білдірген. Бұл тұрғындар үшін сайлауға қатысу – өз таңдауын жасау мүмкіндігі ғана емес, ерекше мән беретін өзіндік оқиға.

Денсаулығына байланысты бес адам үйден дауыс береді. Түскі сағат 12:00-ден кейін комиссия мүшелері оларға көшпелі дауыс беру жәшіктерімен барады. Бұл сайлаушыларға да шағын сыйлықтар – тәттілер дайындалған.

Сонымен қатар учаскеде шағын жәрмеңке ұйымдастырылады. Онда тұрғындар жарма, қант және ұн сияқты азық-түлік өнімдерін қолжетімді бағамен сатып ала алады.

Облыстық мәслихатқа өңір тұрғындары 32 депутатты, қалалық мәслихаттарға 51, он аудандық мәслихатқа 106 депутатты сайлануы тиіс. Сайлаушылар саяси партияға және өздерінің бірмандатты округі бойынша кандидатқа дауыс береді. Бюллетеньдерде «Барлығына қарсымын» деген жол да қарастырылған.

Айта кетейік, Павлодар облысында дауыс беру құқығына 503 мыңнан астам кәмелетке толған тұрғын ие. Олардың шамамен 3200-інде мүгедектік бар. Олардың сайлауға қатысуы үшін қажетті жағдайлар жасалған. Атап айтқанда, пандустар, көмек шақыру батырмалары, арнайы жапсырмалар, трафареттер және мәтіндерді дыбыстап оқитын бағдарламалар қарастырылған.