Ақсуда жасанды интеллекттің көмегімен салынған мурал көпқабатты үйдің сәнін келтірді
Қалаға кірген бойда энергетиктің суреті бірден көзге түседі, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
ЕЭК энергетиктері туған қаласына сыйлық ретінде өнер нысанының тұсаукесерін өткізді. Энергетиктердің кәсіби мерекесі мен Ақсу электр станциясының 55 жылдығы қарсаңында пайда болған мурал алыстан көрінеді.
– Тұрғындар энергетиктердің кім екенін білгенін, көргенін қалаймын. Адамдар үйде жылу, жарық бар екеніне үйренген, бірақ оның артында қандай үлкен ұжымдық еңбек тұрғаны беймәлім болып жатады. Біз әріптестеріміздің жұмысын, мамандықтың құндылығы мен қажеттілігін көрсеткіміз келді,–деді «ЕЭК» АҚ Ақсу электр станциясының операциялық директоры-бас инженері Данияр Шабанбаев.
Энергетиктердің кәсіби төл мерекесі мен «ЕЭК» АҚ Ақсу электр станциясының 55 жылдығына орай орталық көшелерінің бірінде тұрған көпқабатты тұрғын үйдің қасбетінде ерекше сурет салынды. Энергетиктің портретін жасанды интеллект жасап шықты. Кәсіпорын басшылығы мурал салуды бұрыннан бері ойластырып жүрген.
– Станцияның мерейтойы қарсаңында біз бұл идеяны жүзеге асыруды ұйғардық. Қоржынында көптеген көрікті жұмыстары бар павлодарлық мердігерді шақырдық,– деді «ЕЭК» АҚ Корпоративтік коммуникациялар қызметінің басшысы Елена Гаркава.
Оның сөзінше, суреттің кейіпкеріне қызметкерлер арасында тәжірибесі мол, қызықты маман іздестірілді. Алайда энергетиктердің көңілін қалдырмас үшін сурет жасанды интеллект күшімен салынды.
Енді муралдағы барлық әжімі көрінетін жанқиярлық энергетиктің бейнесі кәсіпқойлық пен ұжымдық бірліктің символына айналады.
Мурал қаланың орталық бөлігінде, Әуезов көшесі, 55 мекенжайында тұрған тоғыз қабатты үйдің қасбетінде салынды.