Көкшетауда «Ертісті» ұпайдан айырды

Көкшетауда «Ертісті» ұпайдан айырды
Фото: «Оқжетпес» ФК

Көкшетауда өткен Қазақстан Премьер-лигасының бесінші турындағы матчта «Ертіс» жергілікті «Оқжетпеспен» кездесті, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Павлодарлықтар ойынды өте белсенді бастады. Бесінші минутта Самат Жарынбетов алғашқы соққы жасады, алайда «Оқжетпес» қақпашысы Мирослав Лобанцев допты қайтарды. 20-минутта Павел Седько мен Юши Шимамура ұйымдастырған әдемі комбинациядан кейін соңғысы қақпаға дәл соққы бағыттады, бірақ тағы да қақпашы өз орнында болды.

Жалпы ойын тең дәрежеде өтті, дегенмен аздаған басымдық «Ертіс» жағында болды. Екінші таймда есеп ашуға ең нақты мүмкіндік Павел Седько үлесінде болды. Ол Жан Морель Поэ берген тамаша пасқа дер кезінде жауап бере алмай, дәл соққы жасай алмады.

Матч тең нәтижеге аяқталуға жақын тұрған сәтте төреші Денис Тевяшов ойынға араласып, қонақтар қақпасына екі пенальти белгіледі. Екінші пенальти айтарлықтай даулы болды: «Ертіс» қақпашысы Виталий Ботнарь әуедегі доп үшін күресте допты жұдырықпен қағып жібергенімен, төреші бірнеше қайталаудан кейін қақпашы Тоқтар Жаңғылышбайды теуіп құлатты деп, 11-метрлік белгіледі.

Айта кету керек, осы екі пенальтидің арасында «Ертіс» сапынан Мирас Тұрлыбек көзге түсіп, гол соқты. Жас шабуылшы негізгі құрамға үміткер екенін тағы бір мәрте дәлелдеді.

Қорытынды есеп — 2:1. Бұл «Ертістің» чемпионаттағы алғашқы жеңілісі болды. Келесі ойынын павлодарлықтар 18 сәуір күні өз алаңында «Жетісу» командасына қарсы өткізеді.