Қазақстандық жасөспірім футболшылар демалысын Павлодарда өткізді

Қазақстандық жасөспірім футболшылар демалысын Павлодарда өткізді

«Жаңа жылдық демалыста» тоғыз-он жасар спортшылардан құралған 12 команда бас қосты, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Жарысты «Ертіс» ОРМБЖМ ұйымдастырды. Спорт мектебі басшысының орынбасары Виктория Серкова хабарлағандай, матчтар «Спорт сити» кешенінде өтті. Астана, Қостанай, Көкшетау, Түркістан, Екібастұз, Ақсу мен Павлодардың командалары алты ұжымнан құралған екі топқа бөлінді.

Әрбір топтан шыққан екі үздік команда жартылай финалға шықты. Олар павлодарлық «SaryArqa» және «Ертіс-2012» ОРМБЖМ, сондай-ақ «Астана-2013» пен «Оқжетпес-2012» футбол орталықтары болды. Өкінішке орай, жерлестеріміз қарсыластарына жол беріп, жұбаныш финалында кездесті. Онда 3:1 есебімен «Ертіс» басым түсіп, үшінші орынды иемденді. 

Ақтық сында «Астана-2013» пен «Оқжетпес-2012» ойнады. Матч аса тартысты өтті. Есепті көкшетаулықтар ашып, артынша көрсеткішті еселеді. Алайда астаналықтар қиындыққа мойымай, есепті теңестіре білді. Кездесу пенальти сериясымен аяқталды. Онда «Астана» шеберлік танытып, турнирдің жеңімпазы атанды.

Фото: «Ертіс» ОРМБЖМ