Мыңдаған павлодарлыққа Жеңіс лентасы таратылады

Мыңдаған павлодарлыққа Жеңіс лентасы таратылады

Мерекелік акцияның екінші кезеңі қоғамдық көліктердегі жолаушыларға арналды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Облыстық ақпарат және қоғамдық даму басқармасының қолдауымен Жастар бастамаларын дамыту орталығы жерлестерімізге Жеңіс лентасын тарату акциясын ұйымдастырды.

– Бұл көгілдір ленталар Ұлы Отан соғысының батырларына бейбіт күн сыйлағандары үшін ұрпақтарының ризашылығы деп білген жөн. Жеңіс күніне орай біз акцияның үш кезеңін жоспарладық. Бүгін бізде екінші кезең. Біз бұған дейін ірі сауда орталықтарында 200 лента таратқан болатынбыз. Бүгін он трамвайда 150 лента тараттық, - деді ОӨДО волонтерлік орталығының басшысы Айжан Қали.

Ертең еріктілер Даңқ ескерткішінде тағы 650 лентаны таратуды жоспарлап отыр.  

Еске сала кетейік, павлодарлықтар Даңқ ескерткішіне гүл шоқтарын қою рәсіміне қатыса алады. Шара 9 мамыр күні сағат 10:00-де басталады.