Нартай Сәрсенғалиев: «Блогерсымақтарды қатаң жауапқа тартатын кез келді»

Нартай Сәрсенғалиев: «Блогерсымақтарды қатаң жауапқа  тартатын кез келді»
Фото:pixabay.com/tranmautritam

Қазір қоғамда пранкпен парақшасындағы лүпілдің санын арттырғанмен, парасат биігінен омақаса құлағандар қаптап кетті, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.

«AMANAT» партиясы Фракциясының мүшесі Нартай Сәрсенғалиев Ішкі істер министрі Ержан Сәденовке, Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаеваға әлеуметтік желілерде қауіпті пранктердің кеңінен таралуы туралы депутаттық сауал жолдаған. 

– Адамды қорқытуды, қоғамдық орында ақымақтық жасауды қызық көріп, әзілдің шекарасынан шығып кеткен әркімдер әлеуметтік желіде әлек салуды доғармай тұр. Нақты мысал айтайын: Астана қаласында блогер достарымен бірге лифттің ішіне «жалған мәйітті» кіргізіп, кейін жарықты өшіреді. Сол сәтте мәйіт кейпіндегі адам қозғала бастайды. Жеделсатының ішінде болғандардың жан дауысы шықты. Елорданың тағы бір тұрғыны жеделсатыға тапаншамен кіріп, оны адамдарға кезеп жұрттың зәре-құтын алды. Алматыда блогерлер аула сыпырушыларға қоқыс лақтырып, мазақ етіп бейнежазба түсіріп таратты. Мұндай мысал мың. Желіге желімдей жабысқандар «пранк» деп атайтын бұл әрекеттердің ақылға томпақ екенін аңғару қиын емес, – деді ол.

Мәжіліс депутатының айтуынша, қазір пранк деген парықсыз әрекеттің тағы бір түрі пайда болды. 

– Ол жасанды интеллекпен жасалады. Бірінде мемлекет басшыларының, лауазымды тұлғалардың қандай да бір дүкенге сауда жасауға келгені бейнеленген. Цифрлық технологияны білмейтін адамның санасы сан саққа жүгіреді, сеніп қалады. Маркетинг үшін деп жасанды интеллект арқылы мұндай жасандылыққа жүгінуді тоқтату керек. Тағы бір пранкте балалар ата-аналарына «танымайтын адам үйге келіп тұр, не істейміз?» деп жасанды интеллект арқылы беймәлім адамның үйге кіріп кеткен, пәтерді аралып жүрген суреттерін жібереді. Зәресі ұшқан ата-ана полицияға телефон шалады, жұмысын тастап, үйіне барады. Ақырында бұл пранк деп бала-шаға бейқам отырады. Дәл сол уақытта полиция шын мұқтаж адамға көмекке баруға үлгермей қалуы мүмкін, оны интернеттің инесіне отырғандар ұқпайды, – деді Нартай Сәрсенғалиев.

Осыған орай депутат келесі ұсыныстарды қарау орынды деп санайды.

–  Пранк барысында қоғамдық тәртіпті бұзған, жеке адамның өміріне қол  сұққандарды анықтап, олардың бірыңғай тізімін жасап, жариялау қажет. Қауіпті пранк арқылы адамның ар-намысы мен абыройына қол сұққандардың әлеуметтік желідегі парақшаларын дереу бұғаттау керек. Әлеуметтік желі әкімшілерінен қауіпті пранктер мен бейнежазба жарияланған парақшаларды анықтап, уәкілетті органға жедел хабарлауды талап ету қажет, – деді Нартай Сәрсенғалиев.

Сондай-ақ, ол мұндай теріс құбылыстың алдын алу мақсатында ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жүйелі түрде, нәтиже беретін контент ретінде жүргізу керек деген ойда.