Қазақстанда Қорғаныс министрлігін тексеру кезінде 13 қылмыстық іс қозғалды

Қазақстанда Қорғаныс министрлігін тексеру кезінде 13 қылмыстық іс қозғалды
Фото: aqorda.kz

Бес лауазымды тұлға қамауға алынды, тексеру нәтижелері армияны реформалау кезінде ескеріледі, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Ақорданың мәліметінше, Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қорғаныс министрлігіндегі жағдайды кешенді тексеріп жатқан комиссияның алғашқы есебін тыңдады. Негізгі қорытындыларды комиссия төрағасы, Қауіпсіздік Кеңесі Төрағасының орынбасары Аида Балаева баяндады.

Тексерудің бірінші кезеңінде мемлекет мүлкін талан-таражға салу, қызметтік өкілеттікті асыра пайдалану және министрлікке қарасты ұйымдар мен құрылымдық бөлімшелердегі өзге де заң бұзушылықтар бойынша 13 қылмыстық іс қозғалды.

Маңғыстау облысындағы қайғылы оқиғаның мән-жайы да зерттеліп жатыр. Тергеудің алдын ала нәтижесі оқу-жаттығуды жоспарлау кезінде өрескел қателіктер жіберілгенін және бұрынғы басшылық тарапынан тиісті бақылау болмағанын көрсеткен.

– Алғашқы кадрлық шешімдер қабылданды. Алайда әскери қызметшілердің қазасына кінәлі лауазымды тұлғалардың барлығы заңға сәйкес жауапкершілікке тартылуға тиіс, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Оқу-жаттығуды дайындау кезінде тәуекелдерді бағалау, десант түсіруді ұйымдастыру және әскери қызметшілердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша елеулі кемшіліктер анықталды. Қолбасшылық құрамның салғырттығына қатысты сотқа дейінгі тергеу жалғасуда. Бес лауазымды тұлға қамауға алынды.

Комиссия әскердегі тәртіпке де назар аударған. Әлімжеттік көрсету және жарғыға қайшы әрекеттер фактілері анықталып, олар бойынша қылмыстық істер қозғалды.

Бұған дейін Мемлекет басшысы Маңғыстаудағы қайғылы оқиғадан кейін Қарулы күштерді түбегейлі реформалау қажеттігін мәлімдеген еді. Қауіпсіздік Кеңесінің Аппараты мен Қорғаныс министрлігіне әскерді реформалаудың арнайы жоспарын әзірлеу тапсырылды.

Енді кешенді тексеру барысында анықталған кемшіліктер де осы құжатты дайындау кезінде ескеріледі. Президент комиссияға Қорғаныс министрлігінің жаңа басшылығымен бірлесіп, проблемаларды жою бойынша нақты ұсыныстар әзірлеуді тапсырды.

Комиссия жұмысы жалғасуда.