Президент: «ОСИ» реформасымен қатты қателестік
Президент «ОСИ» реформасын қолға алғанда, қатты қателескенімізді айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Бұл туралы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметте өтіп жатқан еліміздің әлеуметтік-экономикалық даму мәселелері жөніндегі кеңейтілген кеңесте мәлімдеді.
- Тағы бір проблема – қалаларды абаттандыру мәселесі. Бұл мәселемен барлық деңгейдегі әкімдер айналысуы қажет. Әлеуметтік-экономикалық факторлармен қатар, өңірлерді дамыту деңгейі ғимараттардың сыртқы келбеті, олардың санитарлық нормаларға сәйкестігі, аумақтың көгалдандырылуы, қоғамдық кеңістіктің жағдайы, балалардың спорттық алаңының болуымен анықталатыны белгілі, - деп атап өтті Президент.
Айтуынша, тұрғын үй қорын тиімді басқару мәселесі қоғам талқылауында.
- Қоғамда әлі де тұрғын үй қорын тиімді басқару мәселесі белсенді талқыланып жатыр. «ОСИ» институтын енгізуге бағытталған реформа соңына дейін жетпеді. ОСИ-мен қатар, әлі күнге «КСК» жұмыс істеп тұр. Біз осы «ОСИ» реформасымен қатты қателестік. Басты міндет – адамдарды сапалы және әділ қызметпен қамтамасыз ету орындалып жатқан жоқ, - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Сондай-ақ ол бұл реформа жергілікті өзін-өзі басқару жүйесіндегі бірінші сатыны құруды көздегенін айтты.
- Сондықтан бұл мәселені назарсыз қалдыруға болмайды. Жалпы, сындарлы инфрақұрылымдық саясат талап етіледі, - деді Президент.
Еске салсақ, бұған дейін Президент Қазақстан «суға өте мұқтаж» елдердің санатына кіруі мүмкін екенін айтқан болатын. Сонымен қатар ол «тұтынудың әлеуметтік нормасын» енгізуді тапсырды.