Олимпиада ойындары: Павлодарлықтар қандай спорт түрінен лицензия жеңіп алуы мүмкін?
Келесі жылы өңірдің мықты спортшылары жазғы Олимпиадаға қатысу үшін жолдамаға таласатын болады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз конференциясында облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасы спорт бөлімінің басшысы Олег Кольев мәлім етті.
– Қатарынан үш жыл олимпиада ойындарына қатысқан облыс және елдің жетекші жеңіл атлетика спортшысы Ольга Сафронова, сондай-ақ, болашағы зор жеңіл атлетика спортшысы Александра Залюбовская лицензияға таласатын болады, – деді Олег Кольев.
Бокстан Азия және Әлем чемпионаттарының қола жүлдегері атанған Серік Теміржанов пен 2021 жылы жастар арасында өткен Әлем біріншілігінде күміс медалінің иегері Ерболат Сабыр да Олимпиада ойындарына қатысу үшін жолдама алу үшін бақ сынайды.
– Жылдың серпілісі – XIX Азия ойындарының қола жүлдегерлері Виктория Бутолинаны мен Рината Султанова десек те болады, – деп атап өтті спикер.
Сондай-ақ, спорттық гимнастикадан Роман Маменов, оқ атудан Максим Мазепа лицензияға үміткер бола алады.
ҚР Ұлттық Олимпиадалық комитетінің мәліметінше, XXXIII жазғы Олимпиада ойындары 2024 жылдың 26 шілдесі мен 11 тамыз аралығында өтеді. Париж-2024 Олимпиада ойындарының бағдарламасы 32 спорт түрінен тұрады. Бағдарламаны және негізгі 28 олимпиадалық спорт түрлеріне арналған ойындардың жалпы тұжырымдамасын жақсарту үшін қосымша ретінде брейк-данс, спорттық альпинизм, скейтбординг және серфинг таңдалды.