Павлодарлық спортшылар халықаралық деңгейде сынға түсуге дайын

Павлодарлық спортшылар халықаралық деңгейде сынға түсуге дайын
Константин Шелковтың фотосы

Облыстан үш спортшы қысқы Олимпиадаға қатысады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Бүгінгі таңда облыстан үш спортшы Олимпиадаға қатысу үшін үміткерлік мәртебеге ие. Олардың дайындығы қарқынды жүріп жатыр.

Роман Иванов – фристайл акробатика бойынша, ал шаңғы жарыстары бойынша Дарья Ряжкова және де Арина Ильященко – коньки спорты бойынша. Олар әлемдік деңгейдегі жарыстарда бақ сынап, Қазақстанның атынан лицензиялық турнирлерде өнер көрсетуде.

– Олимпиадаға қатысу үшін спортшылар халықаралық деңгейде жеткілікті ұпай жинауы тиіс. Бұл процесс бір күнде шешілмейді, спортшылардың маусым бойы түрлі жарыстарға қатысуы қажет. Әр спортшы өзінің әлеуетін көрсетіп, рейтингте тұрақты түрде ұпай жинап отырса ғана Олимпиада жолдамасына қол жеткізеді. Бұл үлкен еңбекті, шыдамдылық пен мықты дайындықты талап етеді, – деді Павлодар облысының дене шынықтыру және спорт басқармасының дене шынықтыру көпшілік бөлімнің басшысы Талғат Сәкенов.

Қысқы спорт түрлерін дамыту мақсатында өңірде инфрақұрылым жүйелі түрде кеңеюде, атап айтқанда, Екібастұзда және Павлодарда мұз аренасының құрылысы басталады. Жоспар бойынша нысандар 2026 жылға қарай пайдалануға беріледі. Баянауыл ауданында дене-шынықтыру сауықтыру кешені іске қосылып, тұрғындар үшін бассейн ашылды.

– Біздің мақсатымыз – Олимпиадаға қатысушылар санын көбейтіп қана қоймай, спортты бұқараға кеңінен насихаттау. Олимпиадалық спортшылар жастарға үлгі, олардың жетістігі жаңа буын спортшыларына мотивация береді, – деді Талғат Сәкенов.

Мұндай нысандар жас спортшылардың шеберлігін шыңдауға мүмкіндік беріп қана қоймай, өңірде қысқы спорт түрлерін бұқаралық деңгейде дамытуға да жол ашпақ.

Айта кетейік, облыста 36 олимпиадалық спорт түрі дамып келеді. Сонымен бірге ұлттық спорт түрлерін де қолдау назардан тыс қалған жоқ. Ұлттық спорт түрлері олимпиадалық спортпен қатар дамиды және де жастар үшін бұл – спортқа тартудың әрі дәстүрді сақтаудың жолы.