Павлодарға келген полицейлер алғашқы қиындықтарын қалай еңсерді?

Павлодарға келген полицейлер алғашқы қиындықтарын қалай еңсерді?
Фото: автор

Тіл, суық, қызмет сынағы оларды шыңдады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Павлодарға әр жылдары әр өңірден келген үш тәртіп сақшысы үшін бұл қала жаңа қызметтің ғана емес, үлкен сынақтардың бастауы болды. Бірі қақаған аязға үйренді, бірі тіл кедергісін еңсерді, енді бірі бала күнгі арманын жүзеге асырды.

Патрульдік полиция батальонының инспекторы Абзал Жұманов Павлодарға осыдан он жыл бұрын Шымкенттен келген. Ол кезде қала оған мүлде бейтаныс еді. 

Ең үлкен қиындық – тіл мәселесі еді. Орыс тілінде сөйлеу маған қиын болды. Бірақ әріптестерім көп көмектесті. Қолдау көрсетіп, дұрыс бағыт-бағдар берді. Соның арқасында бірте-бірте үйреніп кеттім, – деді инспектор.

Инспектордың өңірге келуі де кездейсоқ болған. Бастапқыда Астанаға баруды жоспарлағанымен, осы қалада қызмет ететін досының ұсынысымен шешімін өзгерткен. Құжаттарын рәсімдеп, кейін Қостанайда үш ай оқып, қызмет жолын батальонда бастаған.

Алғашқы қыс оның есінде ерекше сақталған. Себебі, оңтүстіктен келген жас маман бұрын-соңды мұндай суықты көрмеген.

Бір айдан кейін ауа температурасы –39 градусқа дейін төмендеді. Бір күні жұмысқа жаяу бара жатып, бетім мен құлағымды үсітіп алдым. Бұрын мұндай суықты көрмегендіктен, оны бірден сезбедім. Лифтке кіріп, айнаға қарасам, бетімнің бәрі қызарып кетіпті, – деп еске алады ол.

Осы жағдайдан кейін қызметкер Павлодардың қысымен күресудің жолын үйренген. Жылы киім, бас киім және ауа райына дайындық оның күнделікті әдетіне айналған.

Он жылдан астам уақыт өткен соң полицей бұл қаланың ауа райына толық бейімделгенін айтады. Тіпті туған жері Шымкентке барған кезде аптап ыстық бұрынғыдан да қатты сезілетін болған.

Павлодардың ауа райына үйреніп қалдым. Өзімнің туған жерімде түскі сағат 11-ден кейін күннің ыстығында сыртта жүру қиын болды, – деді Абзал Жұманов.

Патрульдік батальонның аға лейтенанты Ардақ Кәденов полиция қызметін бала күнгі арманы ретінде таңдаған. Құқықтану саласында білім алған ол осыдан төрт жыл бұрын ішкі істер органдарына жұмысқа орналасқан.

Аға лейтенанттың айтуынша, алғашқы кезде ең үлкен сынақ – адамдармен жұмыс істеу болған.

Форманы алғаш киіп, қызметке кіріскен кезде түрлі мінездегі азаматтармен жұмыс істеуге тура келеді. Кейбір адамдар агрессия танытады, дөрекі сөйлейді. Осындай жағдайда сабыр сақтап, өзіңді дұрыс ұстай білу маңызды, – деді ол.

Ардақ Кәденов қызмет барысында Ақтөбе қаласында арнайы курстан өтіп, азаматтармен қарым-қатынас жасау, түрлі психологиялық жағдайда өзін ұстау және бейнекамераға түсіріп жүрген адамдармен дұрыс сөйлесу тәсілдерін меңгерген.

Оның қызметтік жолындағы есте қалған сәттердің бірі – түнгі патруль кезінде болған оқиға. Пәтердің есігі іштен құлыптаулы болған, ал іштен әйелдің көмек сұраған дауысы естілген.

Уақыт жоғалтпай, екінші қабаттағы терезе арқылы пәтерге кіріп, әйелді құтқардық. Сол сәтте қауіп туралы емес, тек адамды құтқару туралы ғана ойлаған екенбіз, – деді аға лейтенант.

Тағы бір қиын жағдай – тұрғын үйдегі өрт кезінде болған. Полиция қызметкерлері қою түтінге қарамастан, іште қалған адамдарды сыртқа шығаруға көмектескен.

Ондай кезде ең басты мақсат – адамның өмірін аман алып қалу. Оқиға орнына құртқарушылардан бірінші келетін болғандықтан, мән-жайды білу маңызды болды. Халыққа нақты көмек көрсете алғанымызды үлкен абырой деп есептеймін, – дейді инспектор.

Патрульдік полиция қызметкерлерінің айтуынша, олардың жұмысының ерекшелігі – кез келген уақытта дайын болу. Себебі, оқиғалардың көбі тәулікке қарамай орын алады.

Павлодарға төрт жыл бұрын келген кіші сержант Жеңісхан Темірбай да бұл мамандықты бала күнінен армандаған. Ол алдымен қазақ тілі мен әдебиеті мамандығын меңгергенімен, кейін полиция қызметіне бет бұрған.

Осыдан екі жыл бұрын Шымкентте екі айлық оқу курсынан өтіп, Павлодарға қызметке оралған.

Жеңісхан үшін алғашқы қиындық та тіл болған.

Өзім Қызылорда өңірінен болғандықтан, біз жақта күнделікті өмірде қазақ тілі көбірек қолданылады. Ал Павлодарда алғашқы кезде дүкенге кіріп, қарапайым сауда жасаудың өзі қиын болатын, – дейді ол.

Қазір кіші сержант азаматтармен еркін сөйлесіп, қызметтік міндетін атқарып жүр. Павлодардағы әріптестері жаңа ортаға бейімделуге үлкен көмек көрсеткен.

Алғашқы ұстаздарым – осы салада еңбек етіп жүрген жерлестерім болды. Олар қызметтің қыр-сырын, азаматтармен қалай сөйлесу керектігін үйретті, – деді Жеңісхан.

Бүгінде полиция қатарында елдің әр өңірінен келген мамандар еңбек етеді. Шымкент, Тараз, Алматы, Қызылордадан келген қызметкерлер бір-біріне қолдау көрсетіп, ортақ міндетті бірге атқарып жүр.

Алғаш келгенде ешқандай бөліну немесе жатсыну болған жоқ. Керісінше, мені өз бауырларындай қабылдап, қызметке тез бейімделуіме көмектесті, – деді кіші сержант.

Бірі аязды, бірі тіл кедергісін, бірі жаңа ортаны еңсерді. Бірақ олардың барлығын біріктірген нәрсе – Павлодар тұрғындарының қауіпсіздігі үшін қызмет ету мақсаты.