Павлодар энергетиктері мемлекеттік наградалармен марапатталды

Павлодар энергетиктері мемлекеттік наградалармен марапатталды
Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосуреті

Энергетиктердің көпжылдық еңбегі мен жоғары кәсібилігі жоғары бағаланды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

«Орталық Азия электр-энергетикалық корпорациясы» АҚ баспасөз қызметінің мәліметінше, ҚР Энергетика министрі Ерлан Ақкенженов өңірдің жылу және электр энергетикасы кешенінің дамуына елеулі үлес қосқан «ПАВЛОДАРЭНЕРГО» акционерлік қоғамы құрамындағы кәсіпорындардың қызметкерлеріне мемлекеттік марапаттарды салтанатты түрде табыстады.

3-ЖЭО турбина цехының ауысым бастығы Ертай Қапбасов жоғары дәрежелі «Құрмет» орденімен марапатталды. Ол бір ұжымда 30 жылдан астам уақыт бойы табанды еңбек етіп келеді және бүгінде станцияның негізгі жабдықтарының тұрақты әрі сенімді жұмысына жауапты. Заманауи турбоагрегаттарды басқарудағы мол тәжірибесі мен жас мамандарға көрсетіп жүрген тәлімгерлігі кәсіпорынның алтын қорына айналған.

Май аудандық электр желілерінің электромонтері Дулат Бишиков III дәрежелі «Еңбек Даңқы» орденінің иегері атанды. 38 жылдық еңбек өтілі бар білікті маман желілерді жөндеумен ғана шектелмей, өндірісте тиімді техникалық шешімдер енгізуімен де ерекшеленеді. Оның сорғы станциясының жұмысын жақсартуға бағытталған ұсынысы электр энергиясын тұрақты жеткізуге және шығындарды азайтуға мүмкіндік берді.

Саланың дамуына қосқан елеулі үлесі үшін бірқатар маман «Ерен еңбегі үшін» медалімен марапатталды. Олардың қатарында Баянауыл аудандық электр желілерінің электромонтері Керім Ысқақов, Павлодар жылу желілерінің слесарьлары Серік Ахметжанов пен Қабдолла Есімханов, сондай-ақ 3-ЖЭО электр цехы зертханасының бастығы Владимир Серяков бар. Бұл азаматтардың әрқайсысы қатал ауа райы жағдайында, боран мен жауын-шашында қала мен ауыл тұрғындарын жарық пен жылумен үздіксіз қамтамасыз ету үшін аянбай еңбек етіп жүрген нағыз еңбек адамдары.

Марапат иелеріне ортақ қасиет – жоғары кәсібилік пен ұрпақ сабақтастығын сақтай білу. Олардың басым бөлігі еңбек жолын қарапайым жұмысшыдан бастап, бүгінде күрделі инженерлік міндеттерді шешетін жоғары білікті мамандар деңгейіне дейін көтерілген. Марапаттау рәсімінде министр Ерлан Ақкенженов энергетиктердің жауапты кезеңдердегі төзімділігі мен табандылығын жоғары бағалап, олардың еңбегі елдің энергетикалық қауіпсіздігінің берік негізі екенін атап өтті.