Павлодар облысында үш айда жиырма мыңнан астам адам құжат алды
Облыстық көші-қон қызметі жылдың алғашқы тоқсанын қорытындылады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Облыстық полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, үш ай ішінде өңір тұрғындары мен шетелдік қонақтарға 35 мыңнан астам мемлекеттік қызмет көрсетілген.
– Қызметтердің ішіндегі ең сұранысқа иесі – құжаттандыру. Жыл басынан бері облыстың 23 мыңға жуық тұрғыны жаңа жеке куәлік пен төлқұжат алды. Сондай-ақ, ел азаматтығын алуға ниеттілер қатары да артып келеді: 196 шетелдік Қазақстан азаматы атанса, 342 адам тұрақты тұруға рұқсат алды. Оның жартысына жуығы (190 адам) — этникалық қазақтар, – делінген хабарламада.
Қазіргі уақытта өңірде 12 мыңнан астам шетел азаматы тұрақты тұрады. Жыл басынан бері тағы 1710 адам уақытша тіркелген.
Тәртіп сақшылары көші-қон заңнамасын бұзу фактілерін де назардан тыс қалдырмайды:
- 1327 адам – елде болу ережелерін бұзғаны үшін жауапқа тартылды;
- 28 адам – сот шешімімен елден шығарылды.
Сонымен қатар, көші-қон қызметі борышкерлерді іздестірумен де айналысады. Осы уақыт ішінде алимент төлеуден жалтарған 54 адамның мекенжайы анықталып, іздеуде жүрген 20 борышкер табылды.
Көші-қон қызметі басқармасының бастығы Қанат Сартовтың айтуынша, басты міндет – көші-қон процестерінің ашықтығы мен мемлекеттік қызметтердің қолжетімділігін қамтамасыз ету.
Ведомство азаматтар мен өңір қонақтарының құқықтық мәдениетін арттыру бағытындағы жұмыстарды жалғастыра бермек.