Павлодарда алғаш рет республикалық театрлар фестивалі өтеді

Павлодарда алғаш рет республикалық театрлар фестивалі өтеді
Фото: Наргиз Күбеш

Іс-шара Жүсіпбек Аймауытовтың  135 жылдығына арналады, деп хабарлайды  @Pavlodarnews.kz тілшісі.

20-25 қыркүйек күндері қазақтың көрнекті жазушысы, драматург, публицист, қазақ әдебиетін қалыптастырушылардың бірі Жүсіпбек Аймауытовтың  135 жылдығына арналған «Ертіс-Баян» I республикалық театрлар фестивалін өткізу жоспарланып отыр. 

Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз конференциясында Ж.Аймауытов атындағы облыстық қазақ музыка-драма театрының директоры Арман Темірбек мәлім етті.

Фестиваль отандық театр өнеріндегі үздік жұмыстарды, заманауи театр үрдісінің негізгі тенденцияларын анықтау және театр өнерінің классикалық, заманауи мұралары арасындағы шығармашылық байланысты нығайту, актерлік кәсіби деңгейді шыңдау, театр әлеміндегі жаңа есімдерді анықтау мақсатында өткізілгелі отыр.

– Мүмкіндігінше үздік қойылымдарды жинап, өзгеше, ерекше өткізуге тырысамыз, – дейді Арман Темірбек. – Ал, фестивальдің ерекшеліктерінің бірі – бір режиссердің бірнеше театрда қойған қойылымын қайталамауында.  Сондай-ақ соңғы бір жылдың ішінде қойылған қойылымдар ғана сахналанатын болады. 

Театр басшысы қызығушылық танытып жатқан театрлар өте көп екенін атап өтті. Тек Қазақстаннан ғана емес, басқа елдерден де, мысалы Италиядан хабарласып, фестивальға қатысу мүмкіндігін сұраған. 

– Оған қоса, қонақ ретінде де келгілері келеді, – дейді спикер.  Ал республика бойынша қазіргі таңда жеті-сегіз өтініш түсті. Бірақ заңдылық бойынша уақыты жақындағанда  өтінімдер көптеп түседі. 

Бұдан бөлек, театр ұжымы бес жылдық есеп беру ниетімен Алматы, Талдықорған қалаларына гастрольдік іссапармен шығуды жоспарлап отырғандары жайлы жаңалықпен бөлісті.