Павлодар облысында алимент төлеуден жалтарған азаматтар сотталды
Прокурорлар алимент төлеуді бақылауды күшейтуде, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Прокуратура органдары сот шешімдерінің орындалуын жүйелі түрде қамтамасыз етуде, ең алдымен балалардың құқықтарын қорғауға қатысты алимент өндіру істеріне басымдық берілуде.
Борышкерлерге нақты жауапкершілік шаралары қолданылады: елден шығуға шектеу қою, әкімшілік және қылмыстық жауапкершілікке тарту, цифрлық іздестіру. Бұл жұмыс қазірдің өзінде оң нәтижесін беруде.
– Тек қаңтар айының өзінде Қылмыстық кодекстің 139-бабы бойынша алимент төлеуден жалтарған үш азамат сотталды. Олардың бірі үш жыл бойы төлем жасаудан жалтарып, табысын жасырып, үш кәмелетке толмаған баласын асырауға бермеген берешегі 2,2 миллион теңге болған, – деді прокуратурада.
Тағы бір жағдайда төрт миллион теңгеден астам берешек бола тұра, борышкер жұмысқа орналасу мүмкіндігі болғанына қарамастан алты жылдан астам уақыт бойы алимент төлемеген.
Қазіргі уақытта сотқа дейінгі тергеп-тексеру органдарының өндірісінде тағы жеті қылмыстық іс бар.