Ақсуда заңсыз жұмыс істеген Түркия азаматтары анықталды
Шетелдіктерге қатысты материалдар сотқа жіберілді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Облыстық полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, заңсыз жұмыс істеген Түркия азаматтары «Нелегал-2023» жедел алдын алу іс-шарасы барысында анықталды.
– 2 қазанда Ақсу қаласында салынып жатқан құрылыс объектісін тексеру кезінде Әуезов көшесінде шетелдік жұмыс күшін тарту фактісі тіркелді. Түркияның сегіз азаматы осы нысанда құрылысшылар ретінде жұмыс істегені белгілі болды, бірақ оларда тиісті құжаттар болған жоқ, – деді департаментте.
Халықтың көші-қоны саласындағы заңнаманы бұзғаны үшін шетелдік азаматтарға қатысты әкімшілік материалдар толтырылды.
Бұдан бөлек, осы объектінің құрылысымен айналысатын ЖШС-ге еліміздің заңнамасын бұза отырып, шетелдік жұмыс күші мен еңбек иммигранттарын тартқаны үшін 100 АЕК мөлшерінде әкімшілік айыппұл салынды.
Айта кетейік, өңірде республикалық «Нелегал» жедел алдын алу іс-шарасы 8 қазанға дейін жалғасады.