Павлодар облысында жүргізуші куәлігін алу үшін міндеттемелер өзгерді
Көлік құралдарын тіркеу және жүргізушілерді даярлау қағидаларына өзгерістер енгізілді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Облыстық «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы КЕАҚ баспасөз қызметінің мәлімдеуінше, 23 сәуірден бастап жүргізуші куәлігін алуға үміткерлер емтиханды тек автомектепті бітіргеннен кейін ғана тапсыра алады.
– А және В, сондай-ақ, А1 және В1 санатындағы куәліктерге үміткер жүргізушілердің өзін-өзі даярлау арқылы емтихан тапсыруына мүмкіндік беретін тармақтар емтихандарды қабылдау және жүргізуші куәліктерін беру қағидаларынан алынып тасталды, – деді баспасөз қызметінде.
Сонымен қатар, еліміздің мамандандырылған ХҚКО-ларында көлік құралдарын тіркеу барысында міндетті нотариаттық куәландырылған көлікті сатып алу, сату шарттарын қабылдайтын болады. Бұл ретте мәміленің жазбаша нұсқасы жойылады.
Бұл өзгерістер мемлекеттік қызмет көрсету кезінде ашықтықты қамтамасыз етуге бағытталған. Егер азаматтар қайта тіркеу үшін көлікті сатып алу, сату мәмілелерін нотариалды куәландырғысы келмеген жағдайда, екінші деңгейдегі банктердің қосымшалары арқылы көлік құралын онлайн қайта рәсімдей алады.
– Енгізілген жаңашылдықтар көлік құралдарын тіркеу және есепке алу, сондай-ақ жүргізушілерді даярлау қағидаларына өзгерістер мен толықтырулар енуінің арқасында мүмкін болды, – делінген хабарламада. – Бұл әкімшілік процестердің тиімділігін арттыруға және жол қозғалысы қауіпсіздігінің жоғары деңгейін қамтамасыз ету үшін қажет.
Өзгерістер «Жол қозғалысы туралы» ҚР Заңының ережелеріне негізделіп, ҚР ІІМ Әкімшілік полиция комитетімен әзірленді. Қағидаға барлығы 53 түзету енгізілген.
«Азаматтарға арналған үкімет» барлық көлік иелері мен жүргізуші куәлігін алуға үміткерлерді жаңа ережелермен танысуға кеңес береді.
Жаңартылған ережелердің толық мәтінімен порталда танысуға болады: https://adilet.zan.kz/kaz/docs/V2400034240