Павлодар облысында экологиялық бейнероликтер байқауы жарияланды

Павлодар облысында экологиялық бейнероликтер байқауы жарияланды
Иллюстрация: ЖИ

Өтінімдер шілденің соңына дейін қабылданады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Облыстық жер қойнауын пайдалану, қоршаған орта және су ресурстары басқармасының мәліметінше, өңір тұрғындары арасында «Біз экология үшін!» атты қысқаметражды бейнероликтер байқауы басталды.

Байқауға қатысушылар табиғатты қорғау, экологиялық мәдениет пен қоршаған ортаға жауапкершілік тақырыбындағы шығармашылық жұмыстарын ұсына алады.

Ұйымдастырушылардың талаптарына сәйкес бейнероликтің ұзақтығы бір минуттан аспауы тиіс. Жұмыс MP4 форматында, тік (Reels) форматында түсіріліп, ажыратымдылығы кемінде 1280×720 (HD), ұсынылатын сапасы 1920×1080 (Full HD) болуы қажет. Бейнеролик қазақ немесе орыс тілінде қабылданады.

Өтінімдер 31 шілдеге дейін WhatsApp желісі арқылы 8 747 535 72 99 нөміріне қабылданады.

Ұйымдастырушылардың мәліметінше, үздік жұмыстар бағаланып, жеңімпаздар марапатталады.