Павлодар облысында орманды заңсыз кесу фактілері азайды
Өңірде жыл басынан бері 41 заңсыз ағаш кесу фактісі тіркелді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Облыстық жер қойнауын пайдалану, қоршаған орта және су ресурстары басқармасының басшысы Айгерім Қабылтаеваның айтуынша, заңсыз ағаш кесілген аумақ 505 текше метрді құраған.
– Орманды заңсыз кесуден қорғау орман қорғау жұмысындағы маңызды бағыт болып табылады. Өткен жылмен салыстырғанда залал шамамен үш есеге азайды. Сондай-ақ, орман күзеті жыл сайын ағаш кесу шараларын өткізеді, – дейді Айгерім Қабылтаева.
Облыс бойынша 2023 жылға ағаш кесуге бөлінген көлем 64,4 мың текше метрді құраған және оның 52,7 мыңы босатылған. 2024 жылға да осындай көлемде бөлінген.
Кезекті маусым 2024 жылдың 1 қаңтарынан 31 желтоқсанына дейін жүргізіледі.