Павлодар облысында кімдер декларация тапсырудан босатылды?
Ел бойынша үш кезең шеңберінде Жалпыға бірдей декларациялау жүйесімен төрт миллионнан астам адам қамтылды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
Мемлекет басшысының Жалпыға бірдей декларациялау тәсілдерін қайта қарау туралы тапсырмасын іске асыру үшін елімізден тыс активтері бар адамдарды қоспағанда, азаматтардың осы санатын активтері мен міндеттемелері туралы декларацияларды ұсынудан босату ұсынылып отыр.
– Төртінші кезеңде зейнеткерлер, үй шаруасындағы азаматтар, студенттер және тағы басқа адам қамтылуы тиіс болды. Енді олар декларация тапсырмайды. Бізде ашықтық пен банктермен өзара іс-қимыл бар. Жалпы салық органдары негізінен кірістер мен активтерді көре алады,– деді облыс бойынша мемлекеттік кірістер департаментінің өндірістік емес төлемдер басқармасының басшысы Ерболат Ғаббасов.
Оның сөзінше, бұл шешімге мемлекеттік органдардың деректер базасын цифрландыру, қолма-қол ақшасыз төлемдердің жоғары үлесі, автоматтандырылған салықтық бақылау, халықаралық келісімдер шеңберінде қаржылық шоттар бойынша деректер алмасу, сондай-ақ цифрлы қызметтердің кең қолжетімділігі ықпал етіп отыр.
Қаржы министрлігі шетелде активтері бар тұлғаларға, сайлауға түсуге құқығы бар азаматтарға, мемлекеттік лауазымға орналасуға және оларға теңестірілген кандидаттар үшін, сондай-ақ банктердің, бағалы қағаздар нарығының, сақтандыру ұйымдарының ірі қатысушылары болғысы келетіндер үшін активтер мен міндеттемелер туралы декларацияны (250.00 СЕН) ұсыну жөніндегі міндетті сақтауды ұсынып отыр. Сондай-ақ азаматтарға активтер мен міндеттемелер туралы декларацияны өз еркімен ұсыну құқығы беріледі.
Бұл ретте мемлекеттік қызметшілерге, квазимемлекеттік және жеке компаниялардың басшыларына, құрылтайшыларға (оның ішінде 25% астам және одан да көп акция иеленушілерге), олардың жұбайларына, сондай-ақ Қазақстан Республикасынан тыс жерлерде активтері бар және (немесе) дербес салық салынатын табыс алған адамдарға кірістері мен мүлкі туралы жыл сайынғы декларацияны (270.00 СЕН) тапсыру жөніндегі міндет сақталатынын айта кету керек.
Қосымша құны 20 000 АЕК (74 млн теңге) асатын ірі сатыпалым жасаған тұлғалар үшін осындай міндетті белгілеу ұсынылды.