Аққулыда «зардап шеккендерге» далалық ас үй мен лагерь құрылды

Аққулыда «зардап шеккендерге» далалық ас үй мен лагерь құрылды

Ауданда республикалық командалық-штабтық оқу-жаттығу өткізілді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі

Аталмыш іс-шараға 50-ге  жуық қызметкер мен 20 техника жұмылдырылды.  2024 жылғы 3-4 маусымда елімізде «Жер-2024» республикалық командалық-штабтық оқу-жаттығуы өткізілді. Осыған орай Аққулы ауылына кіре берісте (стелла жанында) тактикалық-арнайы оқу-жаттығу жоспарына сәйкес ауыр инженерлік техниканы темір жол платформаларына тиеу, түсіру және ТЖ аймағынан зардап шеккендерді қабылдау бойынша дала пунктінде орналастыру әрекеттері пысықталды. 

Аталмыш іс-шара басқару органдары, азаматтық қорғаудың мемлекеттік жүйесінің күштері мен құралдарын жойқын жер сілкінісі нәтижесінде туындаған ТЖ жою кезіндегі іс-қимылдарға дайындауға бағытталған.

– Оқу-жаттығудың мақсаты бойынша Өскемен қаласында жер сілкінісінен зардап шеккен адамдарды қабылдаймыз. Ол үшін 200 адамға арналған лагерь ашылды, – дейді Павлодар облысы бойынша департамент бастығының орынбасары, полковник Олег Трещев.

Оның айтуынша, зардап шеккен адамдарға көмек ретінде тіршілікті қамтамасыз ету үшін барлық қажетті жағдайлар жасалған. Арнайы тұрғын үй шатырлары, ветеринарлық қызмет ұйымдастырылды. Тамақтану бойынша 200-500 адамға арналған далалық ас үй құрылды. Полиция департаменті қауіпсіздік аймақтарын орналастырды. 

– Адамдар мұнда келген кезде ешқандай қолайсыздықты сезінбейді, – дейді ол.

Оқу-жаттығу жоспарына сәйкес Павлодар облысы жер сілкінісінің ықтимал салдарын жою үшін Алматы қаласына техника жіберді. Осыған байланысты Екібастұз, Ақсу және Павлодар қалаларында инженерлік техниканы тиеу жүргізілді. Бұдан бөлек, психологиялық шок алған адаммен жұмыс жүргізілді. Сценарий бойынша, мамандар ашулы зардап шегушіні сабырға келтіріп, медициналық көмек көрсетіп, мамандардың жәрдеміне жүгінді. 

– Төтенше жағдайдағы ең маңызды қызмет – ақпарат және байланыс  қызметінің жұмысы. Қажетті ақпаратты жедел алу үшін осы мәселені қадағалау қажет. Республикалық командалық-штабтық оқу-жаттығулар қызметтер мен құрылымдардың дайындығын тексеруге бағытталған. Барлық техника мен жабдықтар талаптарға сай болуы тиіс, – дейді Аққулы ауданы әкімінің орынбасары, эвакуациялық қабылдау пунктінің бастығы Дулат Молдагелдинов.

Сондай-ақ, аумақта «Қызыл Жарты Ай» еріктілер ұйымы алғашқы және гуманитарлық көмек көрсетті.

– Төтенше жағдайлар кезінде адамдар жақындарынан айырылады. Біздің бағыттарымыздың бірі – туыстары мен жақын адамдарын іздеу. ТЖ жағдайында біз сіздің жақындарыңыздың орналасқан жерін анықтауға көмектесеміз, — дейді «Қызыл Жарты Ай» еріктілерінің өкілі Дана Серімбаева.

Оқу-жаттығу үрдісін қорытындылай келгенде барлық міндеттер жоспарға сай дұрыс орындалды. Алайда зардап шеккен адамдарды қарсы алу үшін бір коменданттың жетіспеушілігі туралы сөз айтылды. Аталмыш жағдайға арнайы 5-6 көмекші талап етілді. 

Айта кетейік, республикалық командалық-штабтық оқу-жаттығулар жыл сайын өткізіледі.