Павлодар облысында әлеуметтік қызметкерлер тапшы
Бүгінде әлеуметтік қызметкерлерге үлкен жүктеме артылуда, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз конференциясында облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Альмира Дисюпова мәлім етті.
– Облыстың әлеуметтік қамсыздандыру саласында өмірлік қиын жағдайға тап болған адамдарға арнаулы әлеуметтік қызмет көрсететін үш мың адам еңбек етіп жатыр. Өкінішке орай, бізде жоғары білікті мамандар жетіспеушілігі қатты байқалады. Жастардың әлеуметтік қызметші болуға құлшынысы жоқ. Себебі, қызмет алушылар бұл – психоневрологиялық патологиясы, мүгедектігі бар адамдар, егде жастағы азаматтар, – деді ол.
Оның сөзінше, қалаларда әлеуметтік қызметкерлерге артылатын жүктеме өте көп. Бір әлеуметтік қызметкерге жеті адамға дейін бекітіледі. Жұмыс кестесінде бос уақыттары қалмайды.
– Бізде әлеуметтік жұмыскер қызмет көрсететін адамның артынан бәрін жинап, тамақ береді, яғни ол үшін толығымен барлық нәрсені істеу керек деген түсінік қалыптасқан. Бұл дұрыс емес. Әлеуметтік қызметші өмірлік қиын жағдайдан шығу үшін азаматқа тиісті көмек көрсетуі керек. Яғни, оған дұрыс бағдар береді, – деп атап өтті спикер.
Альмира Дисюпованың айтуынша, жаңа кодекстің енгізілуімен әлеуметтік қызметкерлердің жалақысы өсті.
– Соңғы үш жылда жалақы 100%-ға кезең-кезеңмен көтерілді. Мысалы, 2021 жылы минималды жалақы мөлшері 60 мың теңгені құрады, ал ең максималды 150 мың теңге болды, – деді басқарма басшысы.
Бүгінде орташа әлеуметтік қызметкерлердің орташа жалақысы 100 мыңнан 200 мың теңгені құрап отыр.