Павлодар облысының Атығай ауылында жаңа мектеп ашылды
120 орындық білім ордасының құрылысына шамамен 1,5 миллиард теңге инвестиция салынды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Павлодар облысының әкімі Асайын Байханов Атығай ауылындағы жаңа мектептің ашылуына қатысты.
Өңір басшысының айтуынша, екі жыл бұрын ауылға барған кезде балалар ескі, бейімделген ғимаратта білім алған. Онда спорт және акт залдары болмаған, ал асхана шағын оқу кабинетінде орналасқан.
– Осыдан екі жыл бұрын бұл ауылға келгенімде балалардың қандай жағдайда білім алып жатқанын өз көзіммен көрдім. Ескі, бейімделген ғимаратта спорт және акт залдары болмады. Асхана да шағын оқу кабинетінде орналасқан еді. Балаларымыздың мұндай жағдайда білім алып жүргеніне алаңдаған едік, – деді Асайын Байханов.
Облыс әкімі ауылдық жерлердегі әлеуметтік инфрақұрылымды дамыту мәселесіне де тоқталды.
– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев ауылдарды дамытуға және тұрғындардың өмір сүру сапасын арттыруға ерекше көңіл бөліп келеді. Сондықтан заманауи мектептер мен әлеуметтік нысандар тек қалаларда емес, ауылдарда да болуы керек, – деді өңір басшысы.
Соңғы үш жылда Павлодар облысында 10 ауыл мектебі салынған.
– Бұл – балаларымызға сапалы білім алуға және жақсы жағдайда оқуға тең мүмкіндік жасау үшін атқарылып жатқан жұмыстардың нәтижесі, – деді Асайын Байханов.
Жаңа мектептің құрылысына «KAZ Minerals Bozshakol» ЖШС қолдау көрсетіп, шамамен 1,5 миллиард теңге инвестиция салған. Облыс әкімі жобаны жүзеге асыруға атсалысқан кәсіпорын басшылығына алғыс білдірді.
– Бұл – жай ғана жаңа ғимарат емес. Бұл – ауыл балаларының болашағына салынған инвестиция. Енді Атығай ауылының балалары заманауи әрі жайлы мектепте білім алады, – деді облыс әкімі.
Жаңа білім ордасы 120 оқушыға арналған. Соңғы үш жылда Павлодар облысының ауылдық жерлерінде барлығы 10 мектеп салынды.