Павлодар облысында мектептер мен колледждерде менеджер лауазымын енгізу ұсынылуда
Менеджерлердің жұмысы құқық бұзушылықты жоюға бағытталады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
– Оқушылардың саны 500-ден асатын мектептер мен колледждерде құқық бұзушылықтың алдын алу мақсатында құқық бұзушылықты жою жөніндегі менеджер лауазымын енгізу ұсынылуда. Бүгінгі таңда балалардың басым бөлігі үш қалада білім алуда, осыған байланысты Павлодар, Екібастұз және Ақсу қалаларында білім басқармасы басшысының тәрбие ісі және қосымша білім беру мәселелеріне жетекшілік ететін орынбасарының бөлімшесін енгізу қажет болды, – деді облыстық білім беру басқармасының басшысы Самал Айтқазина облыстық әкімдікте өткен аппараттық жиналыста.
Басқарма басшысының айтуынша, ҚР Оқу-ағарту министрлігі «Күнделік» цифрлық білім беру платформасында педагог-психологтардың жеке кабинеттерін құру жөніндегі жұмыс жүргізуде. Қазіргі уақытта мектептердің педагог-психологтары аталған платформаны пайдалануды үйрететін оқытудан өтуде. Педагог-психологтардың біліктілігін арттыру мақсатында «Өрлеу» ұлттық біліктілікті арттыру орталығымен, адамның үйлесімді дамуының ұлттық институтымен және облыстың жоғары оқу орындарымен өзара іс-қимыл ұйымдастырылған.
– Алайда психологиялық-педагогикалық қызмет мамандарын кәмелетке толмағандарды сапалы психологиялық-педагогикалық қолдауға бағытталған озық технологияларға оқыту қажеттілігі бар. Осыған байланысты педагог-психологтарды оқытуға сомасы 32 миллион теңгеге әлеуметтік тапсырысты іске асыруға қосымша қаржыландыру бөлу, сондай-ақ «ERG» жобаларының тізбесіне білім беру ұйымдарының педагог-психологтарына арналған сырттай бақылауды енгізу қажеттілігі бар, – деді ол.
Өмірлік қиын жағдайдағы балаларға, қатыгездік, зорлық-зомбылықтан, буллингтен зардап шеккен балаларға консультациялық көмек алу үшін облыста call-center, сенім телефондары жұмыс істейді: 87010707546
Еске сала кетейік, өңірде жасөспірімдер арасында буллингтің алдын алу бойынша жол картасы әзірленді.