Павлодарлық оқушылар әскери-далалық жиындарға аттанады
Олар алғашқы әскери және технологиялық дайындық сабақтарында үйренген білімдерін енді тәжірибе арқылы бекітеді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Облыс орталығындағы жалпы білім беретін мектептердің 700-ге жуық 10-сынып оқушылары төрт күндік дәстүрлі әскери-далалық жиындардан өтеді.
Әскери-далалық жиындарға қатысушылар өткен жылмен салыстырғанда көбірек. Дайындық дәстүрлі түрде Шарбақты ауданындағы «Лесная сказка» аумағында өтеді. Ол жерде өмір сүруге және тәжірибелік сабақтарды өткізуге барлық жағдай жасалған.
– Оқу-далалық жиындарда оқу жылы ішінде өткізген тәжірибелік сабақтарды өтетін боламыз. Оқушылар атыс дайындығы, саптық, топография, тактикалық дайындық бойынша тәжірибелік дағдылар мен қабілеттерге ие болады, – дейді Кенжекөл жалпы орта білім беру мектебінің алғашқы әскери және технологиялық дайындық оқытушысы Теміртай Тайкебаев.
Жиын нәтижесі бойынша оқушылар қорытынды баға алады.
– Бұл тәжірибелік сағаттан болашақта маған пайдалы болатын дағдыларды үйренемін деп ойлаймын. Қаладағы әртүрлі мектептердің балаларымен осылай бас қосу қызықты. Болашақта әскери борышымды өтегім келеді, – дейді №35 ЖОМ оқушысы Асылхан Қайыржан.
Айта кетейік, жыл сайын ауған жауынгерлері оқушылардың әскери-далалық жиындарын қолдап, оқушылармен тәжірибе бөлісуде.