Павлодар театры Оралхан Бөкей шығармасы желісімен лирикалық драма ұсынады
Қойылымда өмірдің өткелектеріне мойымаған адамдардың тағдыры көрсетіледі, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Ж.Аймауытов атындағы Павлодар облыстық қазақ музыка-драма театры 36-маусымдағы кезекті премьерасын көрермен назарына ұсынады. Бұл жолы театр ұжымы адам жүрегіндегі мейірім, сағыныш, сүйіспеншілік және кешірім туралы сыр шертетін лирикалық драманы сахналамақ.
Қойылым қазақ әдебиетінің көрнекті қаламгері Оралхан Бөкейдің «Жылымық» әңгімесінің желісімен дайындалған. «Біз туралы…» драмалық лирикасы – адам жанындағы рухани әлемді, өмірдің суық сәттерінде жылылық іздеген кейіпкердің ішкі арпалысын бейнелейтін терең мазмұнды туынды.
Спектакльдің қоюшы режиссері – Жангелді Садықов, пластика режиссері – Ақтілек Ақанова, қоюшы суретші – Айсұлу Шарипова.
– Қойылымда өмірдің өткелектеріне мойымаған адамдардың тағдыры, олардың махаббатқа, өмірге және бір-біріне деген сенімі көрініс табады. Спектакль әр көрінісінде: суық қоғамда да адамды тірі ұстайтын күш – мейірім мен сүйіспеншілік екенін айқын сездіреді, – дейді театрдың әдеби-драма бөлімінің меңгерушісі Аружан Оразова.
Творчестволық топтың айтуынша, «Біз туралы…» – табиғаттағы көктемнің ғана емес, адамдар арасындағы жылылықтың, жүректегі сезімнің қайта оянуы туралы лирикалық әңгіме.
Премьера 28 және 29 қараша күндері өтеді.