Павлодарда үш жылға жол картасы бекітілді

Ішкі желілердің реконструкциясы төрт кезең бойынша өтеді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Қазіргі таңда облыс орталығында екі ірі жоба аяқталуға жақын. Олар: ТМ-20А жылу магистралі мен жаңа сорғы станциясының құрылысы.
– ТМ-20А магистралі қаланың оңтүстік бөлігіндегі 600-ден астам көпқабатты тұрғын үйді тұрақты жылумен қамтуға мүмкіндік береді. Қазір құбыр диаметрі 800-ден 1000 миллиметрге дейін ұлғайтылды. Сонымен қатар, Астана мұз айдыны маңында салынып жатқан сорғы станциясы орталық және жағалау аймақтардағы гидравликалық режимді айтарлықтай жақсартады, – деді қала әкімінің орынбасары Әнуарбек Аманов.
Оның сөзінше, құрылыстың негізгі бөлігі аяқталуға жақын, бетон іргетастар мен жабдық орнатуға арналған негіздер құйылған. Жоба толық іске қосылған соң, қала орталығында жылу қысымы мен температурасы тұрақты сақталады.
– 2025 жылы Павлодарда 11 учаскеде 3,1 шақырымдық инженерлік желілер күрделі жөндеуден өтті. Сонымен қатар, 11 сорғы станциясы мен 23 орталық жылу пункті толық жөнделді, – деді ол.
Сумен жабдықтау жүйесінде де айтарлықтай өзгерістер бар.
– «Павлодар су арнасы» төрт шақырымнан астам су құбырларын жаңартты, ал «ПРЭК» АҚ электрмен жабдықтау желілерін толық тексеріп, 31 шақырым әуе және 104 шақырым кабель желілерін жөндеді, – деді Әнуарбек Аманов.
Айта кетейік, биыл әлеуметтік нысандарға жылу 10 қыркүйектен, ал көпқабатты үйлер мен жеке секторға 22 қыркүйектен бастап берілді.
– Павлодар қаласы 2029 жылға дейінгі жол картасын бекітті. Оған сәйкес, ішкі кварталдық жылу желілерін реконструкциялаудың төрт кезеңі жүзеге аспақ. Олар: бірінші кезекте Амангелді және Назарбаева көшелері, екінші кезекте Усолка ықшам ауданы, үшінші кезекте Жаяу Мұса, 1 және соңғысы Назарбаева даңғылы 204 деп бөлінді, – деді қала әкімінің орынбасары.
Жалпы жобалар құны 100 миллиард теңгеден асады, бұл қаражат республикалық және жеке инвест көздер арқылы қамтамасыз етіледі деп жоспарлануда.
– Бізде перспективалық даму жоспары бар, ол 2029 жылға дейін жылу жүйелерінің техникалық аудиті жүргізіледі. Қала өсіп келе жатқандықтан, жаңа магистральдар мен сорғы станцияларын салу жалғасады, – деп атап өтті Әнуарбек Аманов.
Жалпы жылыту маусымы кезінде пәтер ішіндегі температура санитарлық нормаға сай болуы тиіс. Олар: тұрғын бөлмелерде 20°C, ал асүйде 18°C. Кей жағдайда пәтердің салқындығы тұрғындардың өз әрекеттеріне байланысты болуы мүмкін. Мысалы, терезе дұрыс жабылмаса немесе панель жіктері дұрыс жабылмаған жағдайда жылу жоғалуы артады. Соның зардабынан пәтерлердің ішінде жылу қатты сақталмайды.
Қаланың жылу инфрақұрылымы кезең-кезеңімен жаңартылып, жаңа жобалар арқылы алдағы жылдары жылу сапасы мен тұрақтылығы айтарлықтай жақсарады деп күтілуде.