Ақсуда контент үшін жол ережесін бұзған жүргізуші жауапқа тартылды

Ақсуда контент үшін жол ережесін бұзған жүргізуші жауапқа тартылды
ЖИ иллюстрациясы

Әйелдің автокөлігі арнайы тұраққа қойылды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Павлодар облыстық полиция департаменті жол ережесін бұзушылармен күресті күшейтті. Әсіресе, көлік тізгіндей отырып, контент түсіруге жаны құмар жүргізушілердің әрекеті тәртіп сақшыларының жіті бақылауында. Мамандар әлеуметтік желідегі назар аударуға деген ұмтылыс кейде лайкпен емес, әкімшілік хаттамамен аяқталатынын ескертеді. Құқық қорғау органдары әлеуметтік желілерге мониторинг жүргізуді жалғастырып, қаралым мен көңіл көтеру үшін жол қозғалысы ережелерін бұзатын жүргізушілерді анықтауда. Кадрда әсерлі көрінуі мүмкін әрекеттер жол үстінде жүргізушінің өзіне де, басқа да жол қозғалысына қатысушыларға нақты қауіп төндіреді.

– Мәселен, Ақсу қаласында Hyundai Mufasa автокөлігін басқарған әйел жүргізуші рөлде келе жатып ұялы телефон пайдаланған, сондай-ақ қауіпсіздік белдігін тақпаған. Жол қозғалысы ережелерін бұзғаны үшін жүргізушіге қатысты әкімшілік материалдар толтырылып, автокөлік арнайы тұраққа қойылды, – деді Ақсу қаласы полиция бөлімінің бастығы Айдар Сламбеков.

Полиция қызметкерлері автокөлік – эксперимент жасап, контент түсіретін алаң емес екенін атап өтті. Кез келген жол қозғалысы ережесін бұзу жауапкершілікке әкеп соғуы мүмкін. Ал көп қаралым жинауға деген ұмтылыс жол ережесін сақтаудан босатпайды.