Павлодарда үздік волонтерлік жобалар ұсынған жастар 500 мың теңге жеңіп алды

Әр волонтерлық жоба – қоғамға қосылған нақты үлес, деп хабарлайды Рavlodarnews.kz тілшісі.
Жастар бастамаларын дамыту орталығында волонтерлік жобаларға арналған шағын гранттар конкурсы өтті. Байқау 15 мамыр мен 9 маусым аралығында ұйымдастырылып, өңірдің қала-аудандарынан бастамашыл топтар мен үкіметтік емес ұйымдардан барлығы 26 өтінім қабылданды.
– Біз жастарға сенеміз. Әр волонтерлік жоба – қоғамға қосылған үлес. Бұл гранттар олардың идеяларын жүзеге асыруға мүмкіндік береді. Ең бастысы – белсенділік пен жауапкершілік, – дейді «Салауатты өмір салтын қолдайтын жастар» қоғамдық бірлестігінің жетекшісі Диас Сағитов.
«Volunteer time» шағын гранттар байқауы — Павлодар облысындағы әлеуметтік жобаларды жүзеге асыратын волонтерлік ұйымдар мен бастамашыл топтарға қолдау көрсетуге арналған жоба. Байқау «Жастардың салауатты өмір салтын қолдау» қоғамдық бірлестігінің бастамасымен және Павлодар облыстық ақпарат және қоғамдық даму басқармасының қолдауымен ұйымдастырылды.
Qamqor – өмірлік қиын жағдайға тап болған жандарға, жалғызбасты қариялар мен ерекше қажеттілігі бар азаматтарға көмек көрсету бағытында Павлодар қаласынан Гүлсая Қайырбек, Тереңкөл ауданынан «Жас ниет» қоғамдық бірлестігі жеңімпаздар атанды. Есірткі, алаяқтық, бұзақылық, жол ережесін бұзу сияқты құқықбұзушылықтардың алдын алуға бағытталған «Әділет» құқықтық волонтерлік аталымында Павлодар қаласынан Ескелді Болатов, Ертіс ауданынан Айнагүл Ашенова, «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы аясында қоршаған ортаны қорғау мен экологиялық мәдениетті арттыру бағытындағы «Eco volunteer» экологиялық волонтерлік аталымында Павлодар қаласынан Мархабат Оспанова, Баянауыл ауданынан Аяжан Кенжесарина жеңіске жетті.
– Мен өзімнің туған жерімнің жағдайы үшін алаңдаймын. Жолдасым екеуміз Павлодар мемлекеттік университетін биолог мамандығы бойынша бітіргенбіз. Баянуыл ауданының киелі жерлері көп, Торайғыр, Жасыбай, Мәшһүр Жүсіп ауылының тазалығын қамтамасыз ету мақсатым болған. Сондықтан сол жерлерге QR код пен шағын ақпараттар, тақтайшалар орналастырамыз. Мектептерде жастар арасында сауалнама жүргізіп, тазалықты сақтауға шақырамыз. Бұл жалғыз менің еңбегім емес, жолдасым және ағаларым көмектесті. Мен декреттегі анамын және бұл – алғашқы бастамам, – дейді Аяжан.
Байқаудың жалпы қоры – 3 000 000 теңгені құрады. Алты жеңімпазға 500 мың теңгеден табысталды. Байқау үш бағыт бойынша ұйымдастырылды.